Тоқаев есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасын жеңілдететін заңға қол қойды

© Sputnik / Айсулу ЖумагуловаСудебное заседание, архивное фото
Судебное заседание, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.01.2025
Жазылу
АСТАНА, 2 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасын жеңілдететін заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Бұрын мұндай қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін соттайтын, ал жаңа заңда қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
"Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді", - деп жазылған хабарламада.
Жаза аталған қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіндігі ескерілді.
Заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір қатаңдатты. Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін.
"Сондай-ақ Заңда білім беру ұйымдарында немесе кәмелетке толмаған адамға қылмыстық топ қатарындағы есірткі таратушы тұлғаларды жазалайтын қатаң үкім сақталды. Олардың мүлкі тәркіленеді және 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады", - деп толықтырды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қылмыстық топ арқылы аса ірі мөлшерде құрамында есірткі заттары бар және өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін заң жүзінде жауапкершілік белгіленді.
Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ есірткі, прекурсорлар, улы және күшті әсер ететін заттарды өндіруге пайдаланылатын заттардың, құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Бұдан бөлек, Заңда есірткі тектестер, психотроптық заттар, сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды қолдану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленді.
Жаңалықтар
0