Француз даму агенттігі Қазақстанда өз жұмысын бастайды – сенат келісімді қолдады

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.12.2024
Жазылу
Француз даму агенттігі мемлекеттік және жеке компанияларға 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қарыз беру арқылы қолдау көрсетеді
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Сенат депутаттары француз даму агенттігінің Қазақстандағы қызметіне арналған келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Француз даму агенттігі – Франция үкіметінің дамушы елдерге орнықты даму мақсатында ресми көмек көрсететін ұйым. Ал сенат ратификациялаған келісім агенттіктің Қазақстандағы қызметін, құқықтық,салықтық және қаржылық шарттарын айқындап отыр.
Келісімге сәйкес, Француз даму агенттігі мемлекеттік және жеке компанияларға 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қарыз беру арқылы қолдау көрсетеді. Негізгі салалар – энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ сумен жабдықтау, санитария немесе ирригация секторы.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, агенттік әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастыру, жобаларға грант бөлу және техникалық жәрдемдесу арқылы да қолдау жасайды.

"Қазіргі уақытта Француз даму агенттігі денсаулық сақтау саласында 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларына 2,4 млн еуро грант ретінде бөлуді жоспарлап отыр", - дейді Жексенбай.

Ал техникалық жәрдемдесу аясында Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салу сияқты бірнеше жобаны да қарастырып жатыр.
Айта кетері, Француз даму агенттігі 1998 жылы құрылған, Штаб-пәтері – Парижде, ал өңірлік кеңсесі Ташкентте орналасқан. Биыл 19 тамызда Астана қаласында агенттіктің Қазақстандағы өкілдігі ашылды.
Қазіргі кезде ФДА 115 елде 4000-нан астам жобаны жүзеге асырып жатыр.
Жаңалықтар
0