Тоқаев 2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Бұған дейін сенат депутаттары заңға 135 өзгеріс енгізіп, мәжіліске қайтарған болатын. Сенаторлар халықты таза сумен қамтамасыз етуге, газдандыру жүйесін, жылу-электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, сондай-ақ “Ауыл – ел бесігі” жобасын іске асыруға қосымша қаржы бөлуді ұсынды.
"2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары ағымдағы жылға қарағанда 871 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38 %-ды құрайтын болады",- деді қаржы министрі Мәди Тәкиев сенаттың жалпы отырысында.
2025 жылға арналған негізгі шығыстар:
әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге – 6 трлн теңге;
білім беруді дамытуға - 1 трлн теңге;
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне - 1,6 трлн теңге;
әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына - 675 млрд теңге, соның ішінде мемлекеттік жарналарға - 668 млрд теңге;
туризм мен спортты дамытуға - 141 млрд теңге;
мәдениет пен ақпаратты дамытуға - 165 млрд теңге;
өңірлерді қолдауға - 7,5трлн теңге;
экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға - 2,1 трлн теңге;
агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға - 635 млрд теңге;
көлік саласына - 568 млрд. теңге, соның ішінде автожолдарды дамытуға - 423 млрд теңге;
су ресурстарын тиімді басқаруға - 139 млрд теңге;
күш құрылымдарына - 2,7 трлн теңге.
Сенаторлар 2025 жылдағы бюджет шығыстарын 60,0 млрд теңгеге арттыруды ұсынды. Бұл ақшаны үкімет резервінен алу жоспарланған.