Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігін әзірледі

© Sputnik / Абзал КалиевЗимняя дорога
Зимняя дорога - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.12.2024
Жазылу
Шетелдік рұқсат бланкісін алуға өтінімді қараудың барлық процесі толығымен автоматтандырылды
АСТАНА, 3 желтоқсан – Sputnik. Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа, жетілдірілген тетігін әзірледі. Жаңа механизм адами факторды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Шетелдік рұқсат бланкі (ШРБ) — бұл тасымалдаушыларға жүкпен шетелге шығуға мүмкіндік беретін құжат.
"ШРБ алуға өтінімді қараудың барлық процесі толығымен автоматтандырылды, ал қарау және беру мерзімі қысқартылды. Алдымен тасымалдаушы E-license платформасы арқылы ШРБ алуға сұранысты толтыруы кажет. Сұранысты қарау мерзімі 2 жұмыс күнінен 40 минутқа дейін, ал ШРБ беру 8 күннен 1 күнге дейін қысқартылды", - деп жазылған хабарламада.
Бұрын бланкілерді беру жүйесі тарихи ақпарат бойынша жұмыс істеген еді. Мәселен, тасымалдаушылардың өткен жылғы жұмысы немесе халықаралық тасымалдардағы тәжірибесі ескерілді. Жаңа ережеге сәйкес тасымалдау тарихы мен өткен жылы көліктің қаншалықты белсенді пайдаланылғаны маңызды емес. Яғни, қалауы мен тиісті рұқсаты бар кез келген тасымалдаушы рұқсат бланкін ала алады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар арасында неғұрлым бәсекеге қабілетті орта құруға мүмкіндік береді.
Енді тапшы бланкілерде компанияның атауы және автомобильдің мемлекеттік нөмірі көрсетіледі.
Жаңа тетік шеңберінде автомобильдердің кіру және шығу фактілерін тіркеу "Бүркіт" ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде ШРБ-ны көлеңкелі нарықта қайта сатудың алғышарттарын жоққа шығарады.
Тасымалдаушының жеке кабинетіне хабарлама келген сәттен бастап 30 күн ішінде нақты бланк бойынша шетелге шығуға болады. Ескі механизм бойынша бұл көрсеткіш 100 күнге жеткен.
Бұрын төлем екі жолмен жүзеге асырылған: екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе онлайн, міндетті мерзімі 5 жұмыс күніне дейін. Енді тек онлайн төлем қарастырылған, ол 40 минут ішінде орындалуы кажет. Төлем туралы ақпарат электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы алынады.
Бүгінгі таңда Қазақстан 42 елмен шетелдік рұқсаттармен алмасуды жүзеге асырады. Биыл рекордтық алмасу жасалды — 364 705 ШРБ.
Жаңалықтар
0