Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневВиды Астаны зимой
Виды Астаны зимой - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.12.2024
Жазылу
АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. 2024 жылдың соңғы айында Қазақстанда ұялы байланыс қызметтері тағы қымбаттайды. Көлік жүргізушілері де абай болуы керек. Себебі маусымдық айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ, сырттан көлік кіргізуге қатысты жаңа талап күшін енеді. Sputnik Қазақстан 1 желтоқсанда болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Ұялы байланыс қаншаға қымбаттайды

11 желтоқсаннан бастап Beeline клиенттері үшін 20-дан астам тарифтің бағасы көтеріледі. Енді айына 300-1000 теңгеге артық төлеуге тура келеді. Негізгі тарифтік жоспарлардың гигабайттары мен минуттары сол қалпында қалады. Ал бонус ретінде қосымша қызметтер ұсынылады. Қымбаттайтын тарифтердің толық тізімін мына жерден және мына жерден көруге болады.
Бұдан бөлек, түнгі лимитсіз интернет те қымбаттайды. Ал 13 желтоқсанда Activ жүйесінде 15 тариф орташа есеппен 400 теңгеге көтеріледі. Бірақ ұялы байланыс операторы артық төленген ақшаны қосымша бонустармен өтейміз деп отыр.

Шинаны ауыстырмағандарға – айыппұл!

1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда барлық көлік жүргізушісі қысқы шинамен жүруге міндетті. Бұл талап 1 наурызға дейін сақталады. Оны бұзған көлік иелеріне айыппұл салынады.
Айыппұлдың мөлшері :
5 АЕК (18 460 теңге)
бір жыл ішінде қайтанған жағдайда 10 АЕК (36 920 теңге);

Орташа жылдамдық үшін де айыппұл салынады

4 желтоқсанда жол ережесіне енгізілген бір өзгеріс күшіне енеді. Оған сәйкес, халықаралық және республикалық жолдарда орташа жылдамдықты асырған көлік жүргізушілеріне айыппұл салынады. Бүгінде көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Ал камераларға жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайтадан қатты жүреді. Соның салдарынан жол-көлік апаттары болып жатады.
Орташа жылдамдықты есептеу тәртібі мынадай: трассаның басында және аяқ жағында бейнекамералар бар, бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді, екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің трассамен жүрген орташа жылдамдығы есептеледі, көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады.
Айыппұлдың көлемі 5-40 АЕК (2024 жылда 18 460 – 147 680 теңге) болады. Мәселен, орташа жылдамдықты 60 шақырымға асырғандарға 150 мың теңге төлеуге тура келеді.

Мас күйінде ұсталғандарға қатысты жаза күшейтілді

Жол ережесіне енгізілген тағы бір түзетуге сәйкес, мас күйінде және жүргізуші куәлігін көрсетпеген адамдар жеті жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға қажетті емтиханды тапсыра алмайды. Медициналық тексерістен бас тартқан көлік жүргізушілерге де тура сондай жаза қолданылады. Бұдан бөлек, жолды күтіп ұстауға жауапты мамандарға салынатын айыппұлдың көлемі артады. Кәсіпкерлік субъектілерге қарай 15-40 АЕК-тің (2024 жылда 55 380 – 147 680 теңге) айыппұлы салынады.

Шетелден көлік кіргізу тәртібі өзгереді

1 желтоқсаннан бастап шыққанына үш жыл болмаған көліктерді Қазақстанға әкелудің жаңа ережесі күшіне енеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, енді мұндай темір тұлпарларды көлік түрін бекіту құжатында ресми тізімге алынған адамдар ғана жеткізе алады.
Бұл құжат көлік құралының техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайды. Бұрын декларацияланған кез келген тұлға автокөліктерді импорттай алатын еді. Алайда қазір импорт құқығы осы құжатта тікелей көрсетілгендерге ғана сақталады. Бұл өзгерістер Кедендік одақтың техникалық регламентіне сәйкес белгіленді және Қазақстанға автокөліктерді әкелуді оңтайландыруға бағытталған.

Мәскеуге апаратын пойыз қайта іске қосылады

Қарағанды мен Мәскеу арасындағы жолаушылар қатынасы 17 желтоқсанда қайта басталады. "Қарағанды-Мәскеу" пойызы аптасына екі рет қатынайды. Қарағандыдан — сейсенбі және сенбі, Мәскеуден - сейсенбі және жұма күндері шығады. Аялдамалар Қарағанды, Астана, Көкшетау, Петропавл, Челябинск, Уфа, Самара, Пенза, Мәскеу қалаларында болады. Пойыздың құрамында купе, плацкарт вагондары және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған орындар бар. Билеттер сайтта және вокзал кассаларында 45 күн бұрын қолжетімді.

Оқушылар қысқы демалысқа шығады

Желтоқсанның соңында мектеп оқушылары қысқы демалысқа шығады. Сол кезде екінші тоқсан да аяқталады.
ІІ тоқсандағы қысқы демалыс – 10 күн (2024 жылғы 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда)
ІІІ тоқсандағы көктемгі демалыс – 11 күн (2025 жылғы 21 наурыздан 31 наурызды қоса алғанда)
бірінші сыныптарда қосымша демалыстар болады - 7 күн (2025 жылғы 3 ақпаннан 9 ақпанды қоса алғанда)
Ал жұмыс істейтін қазақстандықтар желтоқсан айында бір ғана қосымша демалыс күні болады. Ол – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні.
Льготное автокредитование - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.10.2024
Кредит төлеу шарттары жеңілдетіледі – заң жобасы әзірленді
Жаңалықтар
0