"Мені кетіргісі келді": Текелі ауруханасындағы жанжал неге ушықты
11:00 29.11.2024 (жаңартылды: 11:09 29.11.2024)
© Sputnik / Айдана ДайыроваТекелі қалалық ауруханасы
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
Текелі қалалық ауруханасының директоры дау болмашы дәріден шықты деп отыр
АЛМАТЫ, 29 қараша – Sputnik. Жетісу облысы Текелі қаласындағы қалалық ауруханадан шу шықты. 40-тан астам медицина қызметкері президенттен көмек сұрап, бейнеөтініш жолдады. Аядай ауруханадағы жанжал неден шыққанын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
30 мыңнан астам тұрғыны бар Текелі қаласындағы қалалық аурухана мамандары басшылықпен дүрдараз болып жүр. Шағым айтып, тіпті президенттен де көмек сұрады.
Медицина қызметкерлерінің басшыларына таққан айыбы көп. Айтуларынша, басшы білікті болмай тұр. Ал жанжал әу баста бас мейірбике мен басшының арасындағы қызметтік келеңсіздіктен туындаған.
"Бұл жерде 18-19 жыл еңбек етемін. Бас мейірбике болғаныма 7 жыл болды. Мен еңбек демалысында болғанымда орнымда қалған, жаңа келген мейірбике дәрі-дәрмек тауып алған. Негізі сол адамды менің орныма тағайындайды деп осы аурухана мамандарынан естідім. Табылған дәрілерді директор жинап алған. Сөйтіп директор мені еңбек демалысымнан шақырып алып, қызметіңізді босатасыз, өтініш жазыңыз деді", - дейді Текелі қалалық ауруханасының бас мейірбикесі Жанар Жансұлтанова.
Оның айтуынша, жасырылған дәрілер арқылы директор оны қызметінен қуып, өз адамын алмақ болған. Ал аурухана директоры Аслан Қалибеков дәрілердің табылғанын жария етпей, жоюды тапсырғанын айтып ақталуда. Бірақ аядай ауруханадағы жасырын дәрілер журналистердің құлағына жеткен.
Дәл осы тұстан бастап аурухана директоры мен бас мейірбике арасындағы дау ушыққан.
"Мені кетіру үшін директор осы қадамға барды деп ойлаймын. Жалпы бұл директор ауруханадағы қызметтерге осында еңбек етіп жүрген адамдарды емес, сырттан мамандар әкеліп тағайындады. Тазалық заттарын үнемдейтіндіктен санитар қызметкерлер директорға наразы болды. Ал дәрігерлер дәрі жоқ болғандықтан наразы. Ал мейірбикелер дәріні тықпадық деп жатыр", - дейді бас мейірбике Жанар Жансұлтанова.
Текелі қалалық ауруханасының директоры Аслан Қалибеков бұл қызметке биыл 3 қаңтарда келген. Бұған дейін Жетісу облыстық ауруханасында дәрігер-травматолог, бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен, жалпы еңбек өтілі – 21 жыл. Ұжымдағы келеңсіздіктің ушығуын болмашы келіспеушіліктен болған жағдай дейді.
"Әріптестерімнің айтуынша, көңіліме ұнағандардың еңбекақысын өсіріппін. Бірақ жыл басында барлық қызметкердің еңбекақысы өскен. Ал ұжымдағылар айтып отырған мемлекеттік сатып алу және шаруашылық маманының еңбекақысы 5-10% ғана қосылды. Жиһаздарды орынсыз сатып алды деп жатыр. Орындық пен үстел алғанымыз рас, ол қажет болғандықтан солай істедік. Мемлекеттік сатып алуды дұрыс жүргізбеппін. Бірақ бұның да жауабы бар, бұрынғы бас мейірбике кабинетінен бірнеше қорап медициналық жабдық тауып алдық, сол себепті мемлекеттік сатып алуға ол заттарға аз тапсырыс беріп едім", - дейді Текелі қалалық ауруханасының директоры Алмас Қалибеков.
Ауруханада барлығы 300-ден астам медицина қызметкері еңбек етеді, оның 40-тан астамы директорға қарсы.
"Дәрігер науқасқа жазып берген дәрілер берілмей, жасырулы қалған. Оның бәрін журналист тауып алған. Ол журналистке бұл ақпарат қалай жетті, кім жеткізді, белгісіз. Соған мейірбикелер мені кінәлап жатыр. Мәселе осыдан ушықты. Табылған дәрінің кейбірінің жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, кейбірі пайдалануға жарамды", - дейді директор.
Алмас Қалибековтың айтуынша, аядай ауруханадағы мәселені дабыра етпей шешуге болушы еді.
Ал осы мекемеде 1976 жылдан бастап еңбек еткен Александр Сидехменов президенттен көмек сұрағандар директордың жұмсақ мінезі мен жуастығын пайдаланды дейді.
"Біздің ауруханада мықты дәрігерлер еңбек етті. Үлкенді сыйлау, этика дегенді өте мықты білетін мамандар еді. 1989 жылдары Кеңес үкіметі бойынша алдыңғы үш аурухананың қатарында болды. Қарым-қатынасымыз өте жақсы еді. Ал қазір мына шуды ұйымдастырып отырғандар – кіші медициналық персоналдар. Бүкіл елге жаман атымызды шығарды, өте өкінішті. Ақылсыздық деп айтар едім. Дәрі мәселені ушықтыруға себеп болды. Бұл дәрі-дәрмектер ковидтен кейін қалған деп ойлаймын. Жауапты мейірбикелер бәрін реттеп, дер кезінде жөндеу керек еді", - дейді дәрігер-кардиолог Александр Сидехменов.
Ауруханадағы аға буын өкілдерінің директор туралы пікірі басқа.
"Директордың мінезі жұмсақ адам, барлық әріптесіне мейірімді. Бұл директор келгелі біздің аурухананың медицина қызметкерлеріне қаншама медальдар мен мақтау қағаздары берілді. 48 жыл еңбек өтілімде дәл мұндай көлемде марапат тапсырған басшыны бірінші рет көруім", - дейді Александр Сидехменов.
Ал директордың әкелген "өз адамдары" - әр облыста еңбек еткен білікті дәрігерлер. Тіпті Шымкент пен Қызылордадан келген. Олар облыс әкімінің көтерме өтемақысы үшін Текеліге қызметке келген, дейді аурухана басшысы.
Айтпақшы, Текеліде гинеколог маман болмағандықтан мұнда айына 1-2 әйел ғана босанған. Мұндағы жүкті ана біткен 40 шақырым жердегі Талдықорғанға баруға мәжбүр болған. Павлодардан гинеколог келіп, қазір күніне 2-3 бала Текелінің өзінде дүниеге келіп жатыр.
Қазіргі уақытта Текелі қалалық ауруханасында қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Айтпақшы, директорға шағым айтқандардың қатарында он шақты дәрігер де бар. Бірақ олар Sputnik Қазақстан тілшісіне қандай да бір сұхбат беруден бас тартты, бас мейірбике ғана мәселенің мән-жайын түсіндірді.