"Ешқандай түйткілді мәселе жоқ": Тоқаев пен Путин келіссөздерді қорытындылады
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен егжей-тегжейлі келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің перспективті бағыттары белгіленгенін жеткізді.
"Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылданды. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің аймақтары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтастығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді.
"Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілгеніне назар аударды. Жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.
"Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады. Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр. Сонымен қатар біз жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективасын, әсіресе, Моңғолияға дейін автокөлік жолын салу және Трансауған көлік дәлізін белсенді қолдану мәселелерін талқыладық. "Солтүстік – Оңтүстік" бағытындағы аталған барлық бастамаларды іске асыру достас халықтардың түпкілікті мүддесіне толық сай келетініне кәміл сенемін", – деді мемлекет басшысы.
Президент экономикалық күн тәртібінде Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы айрықша орынға ие екеніне ерекше тоқталды. Бұл орайда Мемлекет басшысы алдағы уақытта Ақтауда Ресей Федерациясының Бас консулдығын ашудың маңызы зор екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі көктемде Астанада "Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы" аллеясын ашу жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құратын көрікті орынға айналады.
Қазақстан президенті 2026 жылы елімізде спорттың дәстүрлі түрлері мен киберспортты ұштастыратын Үшінші "Болашақ ойындары" ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
"Биыл тамыз айында өткен Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері көпшіліктің зор ықыласына бөленгенін атап өткім келеді. Қазан қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіш бюсті ашылды. Бұл – айтулы оқиға. Бұдан бөлек, Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында қазақ ұлттық классикасының жауһары – "Абай" операсы қойылды. Таяу жылдары әйгілі Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның мәдени-тарихи жәдігерлерін паш ететін көрмелер ұйымдастырылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша тоқталды
Мемлекет басшысы орыс тілі қос халықтың ынтымағын жарастыратын маңызды фактор екенін атап өтті.
"Еліміздегі мектеп оқушыларының үштен бірі орыс тілінде білім алады. Біз бұл мәселеге ерекше маңыз береміз. Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды дәл осы себепті ұсындым. Келіссөздерде көтерілген тағы бір маңызды тақырып – екі елдің аумағында өмір сүріп жатқан қандастарымызды қолдау. Бұл ретте "Отандастар" қоры мен "Россотрудничество" арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңызы зор болар еді", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттер екі елдің көпжақты форматтағы ықпалдастығын егжей-тегжейлі талқылап, өңірлік және жаһандық саясаттың анағұрлым өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
"ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық мәселесінде өзара түсіністік қалыптасқанын атап өткім келеді. Елдеріміз ықпалдастық орнатпаған бағыт жоқ деуге болады. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халықтарымыздың достық қатынастарын нығайтуға ұдайы назар аударғаны үшін құрметті Ресей президентіне алғыс айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты.
"Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезінетініне сенімдімін. Келесі жылы қаңтар айында маңызды мемлекетаралық құжаттардың бірі – Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар: Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және "Байқоңыр" ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай екі елде мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Көріп отырғандарыңыздай, екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа мазмұнды жобалармен ұдайы толығып отыр", – деді Қазақстан президенті.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді
"Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді", – деді Ресей Президенті.
Владимир Путиннің айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді.