Балабақшада көз жұмған бүлдіршіннің тәрбиешілеріне сот үкімі шықты

© AP Photo / Jean-Francois BadiasСудебный молоток, архивное фото
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.11.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Атырау облысында балабақшада кәріз құдығына құлап көз жұмған бүлдіршіннің тәрбиешілеріне сот үкімі шықты, деп хабарлады облыстың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сотта "Чебурашка" жекеменшік балабақшасының иесі мен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 141-бабының 2-бөлігі "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау” бойынша қаралды.
Атырау облысындағы жекеменшік "Чебурашка" балабақшасы былтыр мамыр айында ашылған. Ал шілдеде тәрбиеші жұмысқа қабылданған.
"Сол жылы, яғни 2023 жылы 1 қарашада 2020 жылы туған бүлдіршін "Чебурашка" балабақшасына қабылданған. Биыл 10 шілдеде сағат 10.45 шамасында балабақша иесі мен тәрбиеші өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамай, бүлдіршінді қараусыз қалдырған. Салдарынан бала кәріз құдығына құлап, қайтыс болды", - деп жазды ведомство.
Сотталушылар кінәсін толықтай мойындаған.
Прокурор сотталушыларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал сотталушылар мен олардың қорғаушылары соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған.
"Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қылмыстық кодекстің 63-бабымен жаза шартты түрде тағайындалып, белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау орнатылды", - дейді ауданаралық сот.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Жаңалықтар
0