Қазақстанда 1 миллион 359 мың видеокамера орнатылған

© Photo : Пресс-служба акима Алматы Камера видеонаблюдения
Камера видеонаблюдения  - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.11.2024
Жазылу
Астана мен Алматыда бет-әлпетті танудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстанның екі қаласында ұлттық видеомониторинг жүйесі іске қосылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Инновациялық жоба ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірленген.
Жасанды интеллект технологияларын қолданатын ұлттық видеомониторинг жүйесі іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қараусыз қалған заттар туралы сигнал беруге және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ "компьютерлік көз" көліктерді маркасы, үлгісі және түсі бойынша анықтай алады. Теміржол бекеттері, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер, қиылыстар, сауда орталықтары сияқты нысандар "ақылды" камералардың жіті назарында. Цифрлық "күзет" өздерінің тиімділігін көрсетті.
Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көптің арасынан адасып кеткен балаларды, есепте тұрғандарды және із-түзсіз жоғалғандарды жылдам табуға мүмкіндік туды. Видео-талдау жүйесінің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы тез арада анықталып, ұсталды.
Дәл осындай жұмыстар Алматы қаласында да жүргізіліп, бүгінге дейін ондай 30 адам анықталып, ұсталды.
"Енгізіліп жатқан технологиялар – бұл қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қылмысты азайтуға мүмкіндік беретін ақылды қалаларды құру жолындағы жаңа қадам. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді түрде қолданылады. Қазақстан озық тәжірибені бейімдей отырып, сенімді түрде осы жаһандық трендтің бір бөлігіне айналуда", - деп жазылған хабарламада.
Алдағы уақытта камералар санын көбейту арқылы видеомониторингті кеңейту жоспарлануда. Бұл кезең-кезеңімен орындалады. Жалпы бүгінде меншік нысанына қарамастан елімізде 1 миллион 359 мың видеокамера болса, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияның кезекші пункттерінде орналасқан. Инновациялық мүмкіндіктер қылмыспен күресуде және адам көп шоғырланатын жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен көмек.
Жаңалықтар
0