"Құлағымды жыртып жіберді": Құлдыққа түсіп қалған жігітті 15 жастағы бозбала құтқарған
17:41 05.11.2024 (жаңартылды: 17:42 05.11.2024)
© Sputnik / Айдана ДайыроваМұқан Нығметов 10 айдан астам уақыт құлдықта болғанын айтады
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
Мұқан Нығметов Жасқайрат ауылында 10 айдан астам жұмыс істеген, еңбекақысы төленбеген
АЛМАТЫ, 5 қараша – Sputnik. Түркістан облысының тұрғыны Мұқан Нығметов 10 айдан астам құлдықта болдым дейді. 23 жастағы жігіт осы уақыт ішінде әбден қорлық көрген. Sputnik Қазақстан тілшісі онымен сөйлесіп, басынан кешкен қиындықты өз аузынан естіді.
Әскерден соң Астанада құрылыста жұмыс істеген Мұқан Нығметов екі адаммен танысып, солармен бір апта пәтер жалдап тұрған. Екі жыл өткен соң олардың бірі Мұқанды еңбекақысы қомақты жұмысқа Көкшетау жаққа шақырады. Жолақысын төлеп берген.
"Моншада ұрып-соқты"
"Әл-Фараби әйелімен бірге мені күтіп алды, ауылға қарай жолға шықтық. Әл-Фарабидің нақты қандай жұмыс істейтінін білмеймін, еркін күреспен айналысады. Содан Әл-Фарабидің ауылы Жасқайратқа келдік. Отбасымен таныстырды. Бір апта үй маңындағы жұмыстарды істеп жүрдім. Әл-Фараби ішіп келіп, Толқын деген досы екеуі моншада ұрып-соғып, "бұл жерден кетпейсің, кететін болсаң миллиондап ақша қоясың, әйтпесе денсаулығыңнан айырыласың" деді", - дейді Мұқан Нығметов.
Әл-Фараби мен досы ұйықтап кеткенде Мұқан жанталасып қашады. Мұқан әскердегі досы Әлібек Шайховқа хабарласып, көмек сұрайды.
"Өзеннен өткел таппадым"
"Жанұшыра қаштым, бірақ өзенге барып тірелдім, жағалай жүгіріп едім, өткел таппадым. Сөйтіп күн батты, кешке Әл-Фараби ағайыны Ерлан екеуі Нива көлігімен келіп, ұстап алды. Мені ұрып жығып, телефонымды тартып алды. Есімді жисам, қораның ішінде жатырмын, қасымда Әл-Фараби, ағайыны Ерлан мен досы Толқын тұр екен, үшеуі ұрып-соқты. "Қашсаң үйден алтын, ақша ұрлады деп үстіңнен арыз жазып, қаматамын. Қазір 2 млн ақша алдым деп жаз" деп әбден қысым көрсетіп, қолхат алып алды", - дейді Мұқан.
Мұқанның әскердегі досы Әл-Фарабиге хабарласып, Мұқанды босатуды, болмаса полицияға хабарлайтынын айтқан. Алайда Әл-Фараби Әлібекті алдап, Мұқанға билет әперіп, үйіне қайтарып жібергенін айтқан. Оны да ұрып-соғып айтқызды дейді Мұқан. Тіпті дәлел ретінде Мұқанға алынған билетті Әлібекке жіберген.
"Қалған асты жеп, моншада түнедім"
Мұқан Жасқайрат ауылында 10 айдан астам жұмыс істеген, еңбекақысы төленбеген, қалған асты жеп жан сақтап, моншада түнеген.
"Ізімнен әкесі еріп жүретін, сол үйдің тірлігін жасадым. Сәл дұрыс істемесем, әкесі қолына түскен затпен ұратын. Ауыл тұрғындарынан телефонын сұрасам, "ой бұл отбасының бәлесіне қаламыз, нашар адамдар, аулақ. Ертең менің телефоныммен хабарласқаныңды білсе, бәлеге қаламыз" деп ешқайсысы көмектеспеді. Әл-Фараби мені досымен жыныстық қатынасқа да итермеледі", - дейді жәбірленуші.
Мұқанның айтуынша, Әл-Фараби ағайын-туыстарынан ақша сұрауға мәжбүрлеген.
"Әйелі Айша Уәлишанға 120 мың салдырды, сосын Мақсат.К дегенге ақша аудартатын. Ол танысы Әл-Фарабидің ойын шотына лақтыратын, ол онлайн казино ойнайтын. Қашанғы туыстарымнан ақша сұраймын, енді олай істемеймін дегенде моншаға кіргізіп, құлағымды кірпіштің қырымен ұрып, жыртып жіберді. Ал әкесі бір күні қорада иығымнан күрекпен ұрып, құлағанымда белімнен ұрды. Қазіргі күні басым мен белімде ауыр зақым бар, еңбекке жарамай жүрмін", - дейді Мұқан Нығметов.
© Sputnik / Айдана ДайыроваМұқан Нығметов 10 айдан астам уақыт құлдықта болғанын айтады
Мұқан Нығметов 10 айдан астам уақыт құлдықта болғанын айтады
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мұқанның айтуынша, Әл-Фараби көрші ауылдың балаларымен төбелестірген. Жеңіліп қалса тағы соққы жеген. Әл-Фараби Мұқаннан "өз еркіммен келдім, еш арыз-шағымым жоқ" деп бейнежазба да жазып алған, тіпті отбасымен дастарқан басына отырғызып фотоға да түсірген.
"Тозақтан көрші бала құтқарды"
Мұқанның бұл тозақтан аман шығуына көрші бала көмектескен.
"Қолхатпен қаматамыз деп қорқытты. Ақыры қамалады екенмін, әке-шешемнің дауысын естіп қалайын деп шештім. Биыл тамыздың басында көршінің баласының телефонын өтініп сұрадым. Оның жасы 15-те, аңқау болғандықтан шығар, ауылдың басқа тұрғындары сияқты емес, ол маған бірден телефонын берді. Қораның ішінде Асқар ағама хабарластым, ол кісінің нөмерін жатқа білетінмін. Жағдайымның қалай екенін түгел айттым. Ол кісі амалын тауып қаш деді. Жаңағы көрші баланың шотына 10 мың салып жіберді, ол шешіп әкеп берді", - дейді Мұқан.
"Үш күн аш жаттым"
Мұқан 10 күндей қаша алмаған, ізінен түскендерден сытылып шыға алмаған. Үйдің келіні басқа тірлікке айналғанда бұл қашып үлгерген.
"Қораға таза киімдерімді тығып қойдым. Содан ауыл ортасында қалың шөп бар, соның арасына тығылып қалдым. Әл-Фараби қасындағы жігіттермен екі күн күні-түні мотоциклмен тоқтамай іздеді. Қатты жаңбырға да, аштыққа да шыдап екі тәулік жаттым. Мотоцикл жүрісі басылғанда ауылдың сыртындағы шөпке тығылдым", - дейді жәбірленуші.
Үш күн шөпке тығылып жан сақтаған жігіт жолдан өтіп бара жатқан Қазпочта көлігіне жармасып, біртіндеп Астанаға жетеді. Жолақысының бәрін ағасы Асқар төлеген.
Жәбірленушінің айтуынша, Әл-Фараби бұның атынан бірнеше несие де рәсімдеп тастаған.
Мұқанның құқын заңгер Нұрболат Ибраев қорғап жүр.
"Бас кезде қылмыстық іс қозғалмаған. Мен Бас прокуратура, адам құқын қорғау уәкілі және Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына жазып, қылмыстық іс қозғаттым, ары қарай беттестіру болды, сұрақ-жауап алынды. Сосын оқиға болған Уәлихан ауданына бардым. Енді әрмен қарай сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасады. Бірақ бұл кісінің ісі бармақ басты, көз қысты болып кетпесін деп резонанс жасап отырмыз. Қазіргі күні екі адам, әкесі мен баласына қатысты тергеу жүріп жатыр. Мен жеке сараптама да сұрап отырмын. Бірақ жеке сараптама ақылы", - дейді Нұрболат Ибраев.
Заңгердің айтуынша жеке сараптамаға Мұқанның төлейтін ақшасы жоқ. Ал заңгер өз қызметін тегін ұсынған.
"Тергеу әділ жүру үшін бар күшімді саламын. Баланың денсаулығын құртқан, көрсетпегені жоқ. Небәрі 23 жастағы жігіттің тағдырын құртып отыр. Кінәлі адамдар міндетті түрде жазалану керек. Куәгерлерден жауап алыну керек, бірнеше сараптама жасалу керек, тергеушіден сараптаманы талап етемін", - дейді адвокат.
Ал Мұқанның қашуына көмектескен туысқан ағасы Асқар Қалиев кінәлілер жазасын алып, інімнің жағдайы жақсармайынша шағымдануды тоқтатпайтынын айтты.
"Мұқанның ата-анасы зейнеткер. Біз халықтың көмегіне мұқтажбыз, өйткені сараптамалардың барлығы ақылы, мүмкіндік болса осы бір даулы істі оңынан шешуге көмектесіп жіберсе деп тілеймін. Бауырымның өміріне балта шауып, психологиялық-моральдық тұрғыдан әбден тоздырған, денсаулығын құртқан адамдарды жазалау үшін қылмыстық істің аяғына дейін барамын, ізденемін", - дейді Асқар Қалиев.
Ал облыстық полиция департаменті қылмыстық іс тексеріледі дейді.
"Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында мұқият тергеу жүргізіледі. Адамды қанаудың кез келген түріне және адам құқықтарының бұзылуына еш жол жоқ. Барлық дәлел қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұқият тексеріледі", - дейді ведомство.