Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға арналған үздік елдердің тізіміне енді

© Photo"Бураба" ұлттық паркі
Бураба ұлттық паркі - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2024
Жазылу
Журнал сарапшылары жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, авторлар және туризм саласындағы басқа да мамандардың ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият талдап, үздіктерді анықтайды
АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Халықаралық Lonely Planet журналы Қазақстанды жыл сайынғы Best in Travel 2025 рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі ретінде таныды, деп хабарлады Қазақстанның туризм және спорт министрлігі.
"Қазақстанның Lonely Planet секілді әлемдегі беделді басылымның Best in Travel 2025 рейтингінде болуы – еліміздің туризміне әлем бойынша қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің шынайы мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыра отырып, біз тұрақты туризм принциптерін ұстанамыз", - деді туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Әлемнің беделді басылымының тізіміне енген Қазақстан ежелгі дәстүр мен заманауи өмір тоғысқан ел ретінде сипатталған.
"Best in Travel 2025 тізіміне енген бағыттарды мақтан тұтамыз және ұсыныстарымыздың негізінде жатқан терең түсінік пен жергілікті біліммен бөлісуге қуаныштымыз. Біздің тізім келесі жылы саяхатшыларға жаңа бағыттарды ашуға шабыттандырады деп сенеміз", - деді Lonely Planet-тің контент бойынша аға вице-президенті және атқарушы редакторы Нитя Чамберс.
Журнал сарапшылары жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, авторлар және туризм саласындағы басқа да мамандардың ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият талдап, үздіктерді анықтайды. Еліміз шетелдік сала сарапшыларын бай тарихымен, алуан түрлі табиғатымен және бірегей мәдени мұрасымен баурап алған.
Айта кету керек, Қазақстанның туристік әлеуетін тек Lonely Planet журналы ғана емес, әлемге танымал туристік басылымдар да жоғары бағалап отыр. Мәселен, Conde Nast Traveler мен Wanderlust басылымдары Қазақстанды 2024 жылғы әлемдегі ең үздік саяхат бағыттарының тізіміне енгізген. Алматы қаласы The New York Times рейтингі бойынша 52 үздік туристік бағыттың қатарына кірді.
Жаңалықтар
0