Белгісіз жағдайда қайтыс болған жігіттің туыстары полиция мен дәрігерге наразы

© Sputnik / Санат ИмангалиевІшкі істер министрлігі
Ішкі істер министрлігі - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2024
Жазылу
АСТАНА, 27 қазан - Sputnik. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында 22 жастағы жігіт белгісіз жағдайда қайтыс болды. Марқұмның туыстары дәрігерлер мен полицияның әрекетіне наразы. Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаның мән-жайын біліп қайтты.
Марқұм Жақсылық Асанақын 7 баланың тұңғышы болған. Алматы маңында қара жұмыс істеп, еңбек еткен. Өзі спортпен шұғылданады. Биыл полиция боламын, оқуға тапсырамын деп армандап жүргенде оқыстан қайтыс болады.
Жеке көлігі бола тұра Жақсылық қаладан мотоцикл сатып алып, ауылдағы үйіне сонымен келеді. Үйінде бейқам жүрген жігітке ауылдас досы мал дәрілеуге көмектес деп қолқа салады. Сол күні Жақсылық ауылдың ішінде жол апатына түседі.
"Полиция баламды сиырға соғылды дейді. Бірақ сол маңдағы көршім "тарс еткен өте қатты дауыс шықты, қарасақ бір қара түсті көлік тоқтап біраз тұрып кетіп қалды" деді. Оқиға кешке апақ-сапақ уақытта болды, көліктің нөмірін ешкім көрмей қалған. Жедел жәрдем келеді, балам өз аяғымен көлікке отырады", - дейді марқұм Жақсылық Асанақынның анасы Жадыра Рахметова.
Анасының айтуынша, кешке ауруханаға түскен жігітке таңға жуық бірақ ота жасалған.
"Баламның басына қан ұйыды дейді, сөйтіп жарты миын ойып алып тастаған. Жақсылығым 9 күн комада жатты. 9-шы күні бізге айтпай, жасанды тыныс алу аппаратынан дәрігерлер өшіріп тастаған. Аурухананың алдында екі балам тұрды, не оларға айтпаған. Бала сағат кешкі 18:00 шамасында қайтыс болған, бізге дәрігерлер үш жарым сағаттан соң ғана айтып отыр", - дейді марқұмның әкесі Серік Тағаев.
Туыстары жанұшыра ауруханаға жеткенде мекемеге полиция қаптап, күзетке алған.
"Мына бала адам болмады, жағдайы ауыр деп ең болмаса бір ауыз дәрігерлер айтса біз көнер едік қой. Аурухананың әр есігіне 3-4 полициядан қойып қойған, бір де бір дәрігер бізге шықпады, тығылып қалған. Баламызды қара пакетке орап шығарып қойған", - дейді марқұм жігіттің жақын туысы Берік Тағаев.
Аурухана маңы шу болып жатқанда Шелектің полиция қызметкері марқұмның інісін жеке бөлмеге кіргізіп алып, арызға қол қоюға үгіттеген, дейді жәбірленуші тарап.
"Баланың денесін бізге бермеді. Екінші балама "денесін береміз" деп қолхат жаздырып, қол қойдырмақ болған. Қолхатты полиция өздері жазған, балама қол қоя сал деп үгіттеген. Өлген адамның денесі 6 сағатқа дейін жарамды дейді, сонда дереу Алматыға жеткізбек болған ғой. Баланың жүрегі тоқтады ма, жоқ аппаратты әдейі шешіп тастап жүрегін тоқтатты ма, бәрі құпия", - дейді марқұмның туыстары.
Туыстарының айтуынша, оқиға орны тексерілмеген. Қатты соққыдан ет-сүйегі бөлшектеніп кеткен сиырды да иесіне көрсетпей полиция алып кеткен.
"Ал ана ертіп кеткен досы бізден ат-тонын алып қашып, жалған куә болды. Сиырға соғылды деп куә болған тағы бір адам 4-ші сыныптан кейін оқымаған, денсаулығында ақауы бар кісі. Бірде алай сөйлейді, бірде былай сөйлейді. Полиция Жақсылық өзі барып сиырға соғылды деп жаба салмақ болған. Енді полиция соққан машинаны таппай жатырмыз, прокуратураға жаздық деп отыр", - дейді Жақсылықтың туыс ағасы Берік Тағаев.
Марқұмның туыстары әділдікке жетпей жанымыз тыныш таппайды дейді. Облыстық прокуратураға да шағымданбақ. Ал облыстық полиция тергеу жүріп жатқанын айтты.
"Іс бойынша полиция барлық қажетті сараптамалар жасайды. Тергеу облыс полиция департаменті анықтау басқармасының өндірісіне қабылданды. Қазіргі уақытта жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша жол апаты жан-жақты зерттеліп, тергеу жүріп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша жол-көлік оқиғасына құқықтық баға берілетін болады', - дейді ведомство.
Жаңалықтар
0