Жеті жылда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2,5 есеге жуық өсті
© Sputnik / Владислав ВодневФлаг Казахстана нарисованный на грузовике
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Бүгінде елімізде 9, Өзбекстанда тағы 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Қазақстан Өзбекстанға қазақстандық тауарлардың 40 түрінен құны $550 млн-нан асатын экспорттық жеткізілімдер көлемін арттыруға дайын. Бұл туралы Самарқан қаласында өткен "Өзбекстан – Қазақстан" IV өңіраралық форумында айтылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Мұнай-химия, металлургия, автомобиль, индустриалдық, азық-түлік, химия және фармацевтика салаларында үлкен экспорттық әлеует бар. Қазақстан Өзбекстанға жалпы қосылған құны жоғары қазақстандық тауарлардың 40 түрі бойынша құны $550 млн-нан асатын экспорттық жеткізілімдер көлемін арттыруға дайын", - деп жазылған хабарламада.
Форумға Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты.
"Қазақстан мен Өзбекстанның барлық бағытта бірлескен жұмысының келешегі зор. Бұған, ең алдымен, мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Астанада өткен бизнес-форум аясында қол қойылған $7 млрд көлеміндегі инвестициялық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар айтарлықтай үлес қосады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың басым бағыты өңіраралық ынтымақтастықты дамыту екенін атап өтті.
"Кейінгі 7 жылда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2,5 есеге жуық өсіп, өткен жылы $4,4 млрд-қа жетті. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Шекаралас өңірлер бір-бірімен – Қарақалпақстан Республикасы Маңғыстау облысымен, Ташкент Түркістан облысымен, Науаи Қызылорда облысымен тікелей әрі тығыз байланыс орнатқан", — деп атап өтті Абдулла Арипов.
Форум барысында инвестиция көлемі $3,4 млрд-ты құрайтын 74 бірлескен жобаны іске асыруды және 14,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылды. Оның ішінде Қазақстан аумағында 65 кәсіпорын ашу жоспарлануда, бұл елімізде 13,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.
Бүгінде елімізде 9, Өзбекстанда тағы 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл жалпы 4,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қазақ-өзбек өнеркәсіптік кооперациясы ынтымақтастығына мысал ретінде Қостанайдағы Chevrolet Onix автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін, Сарандағы тұрмыстық техника шығаратын зауытты, Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы тігін және жіп иіру-тоқу фабрикалары, Ангрендегі автоклавты газ-бетон өндірісі және басқа да өндіріс орындары жатады.
"Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысына жаңа серпін бермек. Мұнда "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтер енгізіліп, кәсіпкерлер үшін салықтық, кедендік жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар қарастырылған.
Өзбекстан тауар айналымының 50%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. Әртүрлі көлік түрімен 18 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы реттелген. Бұл байланыстарды одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.