Баспана кезегі Отбасы банкіне беріледі – негізгі өзгерістер

© Sputnik / Владислав ВодневОтбасы банк. Вывеска
Отбасы банк. Вывеска - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2024
Жазылу
Астанада тұрғын үйлердің сыртқы қабырғасы мен қасбеттері жергілікті бюджеттің қаржысына жөнделеді
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Келесі жылы баспана кезегі әкімдіктерден алынып, толығымен Отбасы банкіне беріледі. Сол кезден бастап қаржы ұйымы ұлттық даму институты ретінде жұмыс істейді. Оның жанынан тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Дәл осы құрылым баспана кезегін жасаумен айналысады. Sputnik Қазақстан жаңа заңа бойынша кезекте тұрған азаматтар арасында баспана үлестіру тәртібін ұсынады.

Баспанаға мұқтаж азаматтарды қалай тексереді

Қазіргі кезде республика бойынша баспана кезегінде 600 мыңнан астам адам тіркелген. Бірақ олардың арасында соңғы бес жылда үйі болған азаматтар аз емес. Барлығы тізімнен шығарылады. Осылайша, қазіргі кезек кем дегенде 100 мың адамға азаяды. Осыдан кейін Отбасы банкке беріледі. Қаржы ұйымы да кезекті тоқсан сайын тексеріп тұрады.
"Баспана кезегінде тұрғандардың үйіне барып тұрып, ешкім тексеріс жасамайды. Біз әрбір адамның келісімі бойынша ақпараттық базаларда тіркелген мәліметтерді ғана тексереміз. Баспанасы бар ма, отбасы мүшелерінің саны, тіркелген жері – барлығын ақпараттық базалардан аламыз. Одан кейін табыстың мөлшеріне қарай қолдау шаралары ұсынылады. Мәселен, отбасының ай сайынғы тыбысы өте төмен болса, жалдамалы пәтердің жарты ақысын өтеу қызметін пайдалануға болады", - деді Отбасы банкінің басшысы Ляззат Ибрагимова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, орташа табысы бар отбасылар 2 проценттік ипотеканы рәсімдей алады. Бұдан бөлек, 5-9 проценттік ипотекалар бар. Оны да табысқа қарай есептейді.

Ипотекадан басқа қандай көмек бар

Жақында сенат мақұлдаған заңда баспана кезегіне тұрған азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралар бектілді. Олар:
мұқтаждарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды беру;
жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау;
тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру;
тұрғын үй сертификаттарын беру.

Жалдамалы пәтерді сатып алуға болады

Жаңа заңға сәйкес, бұған дейін сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік болады. Оны "қалдық бағамен" береді.
Мәселен, 2017 жылы жалға берілген үйдің баланстық бағасы 8 миллион теңге болса, одан 2 процент көлемінде жылдық амортизацияны алып тастайды. 7 жылда - 14 процент. Сонда 8 миллионнан 14 процентті алып тастағаннан кейін 6 млн 880 мың қалады. Жалдамалы үйдің қалдық құны деген осы.
Баспананың қалдық құнын әкімдіктер есептеп береді. Оны бөліп төлеуге болады. Бірақ 30 процентін бірден салу қажет. Ал қалған 70 процентін 10 жылда қайтарады. Ешқандай проценттік үстеме де, банк те жоқ. Әкімдіктің жеке есепшотына тікелей аудара береді.

Баспана қалай үлестіріледі

Заң бойынша баспанаға мұқтаж азаматтар кезекке тұрған күніне және кіріс деңгейіне қарай көмек алады. Мысалы, біреудің 2 проценттік ипотека алуға мүмкіндігі болса, кредитті рәсімдей береді. Ал оған жағдайы келмейтіндер жалдамалы пәтерді күтеді. Оны кезекке тұрған датаға қарап береді. Осылайша, біреулер тізімге 2010 жылы тұрса, олардың барлығы үй алып болғаннан кейін ғана 2011 жылы кезекке тұрғандарға пәтер беріледі.
Бұдан бөлек, баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтардың бірнеше санатына басымдық беру қарастырылған. Олар:
ҰОС ардагерлері;
жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;
мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
I және II-топ мүгедектері;
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген және өзге елде әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер мен олардың жесір әйелдері.
Оларға баспана кезегіне арналған тұрғын үйдің жалпы көлемінің кем дегенде 70 проценті беріледі.

Сенат қандай өзгерістер енгізді

Сенат депутаттары заңға тағы бірнеше өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, апаттық жағдайда жалғыз баспанасы бар азаматтар жаңа пәтерді алып, өз атына аудармағанша үйден шығарылмайды. Ал Астанада тұрғын үйлердің сыртқы қабырғасы мен қасбеттері халықтың есебінен емес, жергілікті бюджеттің қаржысына жөнделеді.
Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрғандар туралы мәліметтерді Отбасы банкіне беруге міндетті. Сондықтан президент осы заңға қол қойғаннан кейін алты ай беріледі. Осы уақыттың ішінде баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне аударылуы шарт. Осылайша, келесі жылдан бастап баспана кезегін әкімдіктер емес, ұлттық даму институтына айналатын банк жүргізеді.
Жаңалықтар
0