"Бала тұрмақ қарттар да басқа көзбен қарайды": паралимпиадашы өмірі жайлы сыр шертті

© Кейіпкердің жеке мұрағатынанпаралимпиадашы Азамат Оразбек
паралимпиадашы  Азамат Оразбек - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.10.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 18 қазан - Sputnik. Толыққанды өмір сүріп, жеңіс шыңын бағындыру үшін 12 мүшеңнін сау болуы шарт емес. Мұны жүзуден және үстел теннисінен бірнеше мәрте чемпион атанған паралимпиадашы Азамат Оразбек дәлдеп келеді. Sputnik Қазақстан тілшісі чемпионнан жеңіске жетуінің сыры неде екенін біліп қайтты.

Бір жарым жыл комада жатқан

Азамат Оразбек 1994 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Алты жасында трансформатордан тоқ соғып, екі қолынан айырылып қалған.
"Бір топ бала ойнап жүргенде ауылдың ақсақалы "балалар, малым жүр ме екен қарап жіберіңдерші" деп өтініш жасайды. Өткінші жаңбыр жауып тұрған. 3-4 бала биік трансформаторларға шығып, алыста жүрген малды іздейді. Трансфатор үстінде ойнап жүрген балалардың бірі Оразбекті сол кезде тоқ соққан", - дейді Ораздың жұбайы Ажар Тұрсынова.
Азамат 1,5 жыл комада жатады. Ұлының ел көзіне көрінгісі келмей, қатты қиналғанын көрген Азаматтың анасы Алматыға көшіп келеді. Кейін Алматы қаласында N%2 (арнайы түзету) мектеп-итернатында оқып, қазіргі ҚР спорт туризм Академиясын тәмамдайды.
Ол жүзу спортынан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2009 жылы Токио қаласында өткен Азия чемпионатында 2-орын алады.
"Теннисті үйреткен жаттықтырушым - Зоя Петровна. Ол қолыма ракетканы байлап жаттықтырды. Бір жыл машықтандым. Қиналдым, бірақ үйрендім", - дейді Азамат Оразбек.
Азамат үстел теннисінен Қазақстанның 10-дүркін чемпионы атанады. Азия чемпионатының, соның ішінде: Малазия елінде 3-орын, Иордания елінде 3-орын, Инчхон қаласында 6-орын, Братиславия елінде 4-орын, Мысырда жекелей сында 3-орын аралас mix санатында 2-орын алып, халықаралық спорт шебері атанады.

Азамат 15-ке жуық әннің авторы

Азамат спорттан бөлек өнерге де жақын. Спортпен қатар шығармашылыққа ден қойып жүр.
"Менің денсаулығым жоқ деп отыру - ағаттық. Ниеті бар адам бәрін жеңеді. Жалпы менің өмірімде көптеген адамдардың көмегі тиді. Ең бірінші - анам, сосын ұстаздарым, жарым, балаларым. Менің балаларым өздерін кем сезінбесінші деп жанымды салып еңбек етемін", - дейді Азамат Оразбек.
Азамат 15-ке жуық әннің авторы. Бірнеше қалада шығармашылық кешін де берген. Азаматқа шабыт беріп, қанат бітіретін жүрген - жұбайы мен үш баласы.
© Кейіпкердің жеке мұрағатынанпаралимпиадашы Азамат Оразбек
паралимпиадашы  Азамат Оразбек - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.10.2024
паралимпиадашы Азамат Оразбек

"Өмірбойы өзің бағып өтесің бе"

Ал жары Ажар Азаматты рухы биік, қайсар жан деп бағалайды.
"Азаматқа тұрмысқа шығатынымды білгенде туыстарым өте уайымдайды. Өмірбойы өзің бағып өтесің ғой деп те айтқан кездері болды. Әлеуметтік желіде де бізді көргендер "өмірлеріңіз қиын емес пе" деп сұрап жатады. Түк те олай емес, Азамат 12 мүшесі сау ер адамдардан да мықты", - дейді Ажар Тұрсынова.
Азамат пен Ажар екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
"Азамат - менің қорғаным. Жұмысында да тұрақты, отбасына да көп көңіл бөледі. Әрине отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, бірақ шаңырағымыз шайқалған емес. Менің ойымша Азаматтай жары бар әйелдер бақытты. Өйткені мен 12 мүшесі сау бола тұра күйеулері көңіл бөлмейтін әйелдерден көп бақыттымын", - дейді Ажар Тұрсынова.
Азаматтың айтуынша, ерекше жандарды тең көруде қоғамның әлі күнге мәдениеті қалыптаспаған.
"Өкінішке орай қоғам мүмкіндігі шектеулі адамға басқа көзбен қарайды. Ол адамның көңіліне келеді-ау деп те ойламайды. Таксиге отырғанда, мейлі қайда кездесіп қалсаң да "қолыңа не болған?" деп сұрақтың астына алады. Талай шетелде жүрдім, ешбір адам көзінің қиығымен қарамайды, тіпті балалары да назар аудармайды. Ал біздің елде кетіп бара жатсаң бала тұрмақ қарттарға дейін нашар көзқараспен шығарып салады. Біздің қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құрметпен қарауға әлі дайын емес", - дейді Азамат Оразбек.
Өмірге құштар Азамат Оразбектің жақында тағы екі әні жарыққа шығады. Ол ешқашан өмірден түңілмейтінін, өнерден қол үзбейтінін айтады.
Жаңалықтар
0