Қазақстан Түрікменстандағы кен орындарын игеруге қатысуға ниетті
19:47 10.10.2024 (жаңартылды: 11:30 11.10.2024)
© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаВизит президента Казахстана Касым-Жомарта Токаева в Туркменистан
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Қазақстан Түрікменстанның газ-конденсат кен орындарын игеру, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға ниетті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында айтты.
Президенттің айтуынша, тараптар экономиканың басты секторларында бірлескен кәсіпорындар құру перспективасын зерделеу жөнінде уағдаласқан.
"Энергетика саласындағы ықпалдастықты кеңейту басым міндет ретінде белгіленді. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазақстан Түрікменстанның газ-конденсат кен орындарын игеру, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға ниетті. Бүгін QazaqGaz компаниясы мен "Түрікменгаз" мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылды. Екі ел үкіметтеріне осынау аса маңызды бағыттағы уағдаластықтардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Қазақстанның мұнай-газ компаниялары Каспий теңізінде мұнай сервисі қызметтерін көрсету үшін түрікмен әріптестерімен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде көлік-транзит байланыстарына қолайлы жағдай жасалып жатыр", - деді Тоқаев.
Осы ретте елдеріміздің аумағы арқылы өтететін жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Былтыр елдеріміз арасында теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 пайызға артып, 1,5 миллион тоннаға жуықтады.
"Бұл істе, әсіресе, "Солтүстік – Шығыс" көлік дәлізінің маңызды бөлшегі саналатын "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржол бағыты айрықша рөл атқарады. Бұдан бөлек, екі мемлекеттің ортасындағы "Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы" бағыты бойынша жол инфрақұрылымын бір-бірімен жалғау жұмыстары жүргізілуде. "Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан" темір жолын салу перспективасы талқыланды. Тараптар бұл тақырыпта нақты келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар біз елдеріміз арасындағы әуе қатынасын тезірек қалпына келтіру мүмкіндіктерін қарастыруға келістік. Бұл шаралардың бәрі екі ел арасындағы көлік қатынасын одан әрі нығайта түсуге оңтайлы жағдай туғызады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөзде талқыланған маңызды тақырыптың бірі – мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту. Бұдан бөлек, тараптар білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендерін растап, Түрікменстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу перспективасын қарастыруға уағдаласты. Сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берілді.