Онлайн көрсетілген сот істері мейлінше ашық жүргізілді – Тоқаев

© Photo : Акорда IX Съезд судей Республики Казахстан
 IX Съезд судей Республики Казахстан - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.10.2024
Жазылу
АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды.
"Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды", – деді мемлекет басшысы.
Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады.
Президенттің пікірінше, келесі басымдық – саланы цифрландыруды жалғастыру.
"Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді.
Мемлекет басшысы биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастағанын айтты.
"Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады",– деді мемлекет басшысы.
Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
0