АЭС: халықты мазалап жүрген сұрақтардың жауабы

© Photo : Unsplash / Mick TruytsАЭС, иллюстративное фото
АЭС, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.10.2024
Жазылу
АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Алдағы жексенбі, 6 қазанда, Қазақстан халқы маңызы шешім қабылдайды. Атом электр станциясын саламыз ба, жоқ па, осы мәселенің жауабын анықтаймыз. Бүгінде халық арасында АЭС салуға қатысты сан алуан әңгімелер тарап жүр. Sputnik Қазақстан ғалымдар мен саясаткерлердің сөздері негізінде елді мазалап жүрген негізгі сұрақтардың жауабын ұсынады.
1. Атом электр станциясын салуға қажетті қаражат қайдан алынады?
- "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, АЭС-тың құрылысына бюджеттен ақша жұмсалмайды. Себебі оған бірнеше триллион теңге қажет. "Ұлттық қорда ондай ақша бар. Бірақ одан алса, халық шулайды. Үшінші жолы ғана қалып отыр. Шетелдің компаниясы АЭС-ты өз ақшасына салады. Бірақ іске қосқаннан кейін өзі жүргізеді. Ал белгілі бір уақыттың ішінде жұмсаған ақшасын шығарып алғаннан кейін өз мамандырымызға тапсырып кетеді. Негізі, ондай жобаларға салынған ақша 20 жылдың ішінде қайтарылады. Ал атом электр станциясының өзі кем дегенде 60 жыл, максимум 100 жыл жұмыс істей алады", - дейді Хайрушев. Қазіргі есепке сәйкес, Қазақстанда АЭС салу үшін 10-12 млрд доллар қажет.
2. Ал өз мамандарымыздың атом станциясын ары қарай алып кетуге білімі мен тәжірибесі жете ме?
- Қазақстанның атом энергетикасы саласында тәжірибесі мол. Бұрын бізде бірнеше ядролық реактор болған, қазір үшеуі ғана істеп тұр. "Бәрінің жұмыс уақытын қосып есептесек, 250 жылдай болады. Осы уақыттың ішінде бірде-бір төтенше жағдай болған жоқ", - дейді атом саласына еңбегі сіңген қайраткер Бауыржан Ибраев.
Мәселен, Ақтаудағы БН-350 әлем бойынша шапшаң нейрондардың негізінде іске қосылған алғашқы ядролық реактор болды. Оны 25 жылдан кейін тоқтатып тастады. Мамандардың айтуынша, БН-350 реакторын техникалық емес, саяси себептерге байланысты тоқтатты. Ал қалған үш реактор зерттеу жұмыстарына арналған. Екеуі Курчатовтағы ұлттық ядролық орталықта, ал біреуі Алматыдағы ядролық физика институтында орналасқан. Жапонияның Фукусима атом электр станциясында болған апаттан кейін осы елдің мамандары Қазақстанға келіп, отандық ғалымдармен бірге жаңа қорғаныс жүйесіне арналған материалды ойлап тапты.
3. АЭС салынғаннан кейін Балқаштың суы тартылып қалмай ма?
- Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, реакторларды салқындатуға арналған суды бірнеше рет пайдаланады. Ол басқа су нысандарына жіберілмейді. "Біздің министрлік көл деңгейі мен атом электр станциясының су тұтыну көлеміне тұрақты мониторинг жүргізеді. Оның ішінде су ресурстары ақпараттық-талдау орталығында деректерді жинау және есепке алу құралдарын енгізу арқылы да есеп жүргізеді", - дейді Нұржігітов.
Айта кетері, жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл қалыпты деңгейді ұстап тұру үшін жеткілікті.
4. АЭС-тан шығатын зиянды қалдықтар көп пе?
- Атом электр станциясына бір жылда жарты вагон ядролық отын қажет. Одан энергия алынғаннан кейін тура сондай көлемде қолданылған отын шығады. Ал, ең бастысы, АЭС-тан шыққан отынның қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. "Бұдан төрт-бес жыл бұрын Балқаш жылу электр станциясын саламыз дедік. Сол кезде күнде 500 вагон көмір жеткізіледі деген жоспар болды. Сонда күн сайын 400 вагон күл шығады екен. Оны қайда жібереміз? Жай күл емес қой, ішінде күшәла, күкірт және тағы басқа қауіпті элементтер бар. 500 вагон – ол 30 мың тонна көмір. Ал атом электр станциясында бір блокта бір жылда тек 20 тонна уран қолданылады", - дейді Ибраев.
5. Атом электр станциясынан шыққан қалдықтарды қаншалықты қауіпті? Оларды қалай сақтаймыз?
- АЭС реакторында уранның 4 проценті ғана жағылады. Сонда қалған 96 процентін тағы пайдалануға болады. Ол үшін рециклинг жасау қажет. Соның нәтижесінде пайдаланылған отынның жаңа түрі шығады. Осылайша, уранды қайта-қайта қолдануға болады. Мәселен, Ақтаудағы БН-350 реакторында қолданылған ядролық отынның барлығы Семей ядролық полигонында сақталады. Оны көп елдер сатып алғысы келген. Бірақ Қазақстан ешкімге бермеді, себебі ондай отынның бағасы құнды қағаздар сияқты уақыт өткен сайын көтеріледі. Ертең жаңа технологиялардың негізінде оны рециклингтен өткізіп, ядролық отын ала беруге болады. Бұдан бөлек, Қазақстанның уранды байыту саласындағы екі ресейлік кәсіпорында үлесі бар. Соның арқасында байтылған уранды төмен бағамен алуға болады.
6. Сонда АЭС-ке қажетті отынды өзіміз жасай аламыз ба?
- Бүгінде Қазақстанда өндірілген уранның көлемі жағынан әлем бойынша бірінші орынды алып отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, алдағы уақытта уранды байыту мен конверсиялау жұмысы да жолға қойылады. Қазірдің өзінде Үлбі металлургиялық зауытында уран таблеткалары шығарылады. Бұрын Қазақстан реакторлардың барлық үлгісіне таблеткалар шығарды. Тіпті, ядролық сүңгіур қайықтарда да қолданылды. Ол кезде жылына 1 200 мың тонна таблетка шығарылды. Қазіргі кезде 400 тонна өндіріледі. Соның басым бөлігін Қытай сатып алады. Ал өзімізде АЭС салынса, оған жылына небәрі 20 тонна таблетка кетеді.
7. Қазақстанда Чернобыль мен Фукусима апаттары қайталанбай ба?
- Әлем бойынша атом электр станцияларының үш апаты болды. Олар: АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд, Украинадағы Чернобыль және Жапониядағы Фукусима. Үш апатқа да техника емес, адам факторы себеп болған. Оған қоса, бас кезінде I және II буынға жататын реакторлар қолданылды. Ал қазіргі реакторлар III+ санатына жатады. Онда барлық қауіпсіздік жүйесі қарастырылған, адам факторының әсері де ескерілген. Заманауи атом электр станциялары 9 балдық жер сілкінісіне шыдайды, төбесіне ұшақ құласа да, ештеңе болмайды.
8. АЭС-тың орнына баламалы энергия көздерін неге дамытпаймыз?
- Ресми мәліметке сәйкес, былтыр отандық энергетикада баламалы энергия көздерінің үлесі 6 процентті құрады. Биыл алты айдың ішінде күн, жел және судан барлық энергияның 6,5 проценті алынды. Алайда бұның барлығы тұрақты қуат көздері емес. Себебі бұлтты және желсіз күндер аз емес.
9. Қазақстанда АЭС құрылысы LRT-ның тағдырына тап болмай ма?
- Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, кез келген ядролық нысан құрылысы былай тұрсын, жобалау жұмыстарынан бастап барлық халықаралық қаржы ұйымдарының бақылауында болады. "МАГАТЭ бар, атом энергиясын пайдаланушылар қауымдастығы бар, Еуропалық атом өнеркәсібі қауымдастығы бар. Олар құрылыстың кез келген сатысында келіп, бәрін көріп кете алады. Сосын АЭС салатын мемлекет те әдетте беделді әрі кәсіби халықаралық консультанттың көмегіне жүгінеді",- дейді Сәтқалиев.
10. АЭС ұзақ салына ма?
- Атом электр станциясы кем дегенде 10 жылда салынады. Осы уақыттың ішінде қажетті мамандар даярланады. Атом электр станциясын салатын компанияға да отандық мамандарды даярлау міндеті жүктеледі. Құрылыс кезінде 8 мың жұмыс орны құрылады, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін 2 мың тұрақты жұмыс орны болады.
11. АЭС құрылысына қанша компания қатысады?
- АЭС-ты бір компания сала алады. Бірақ консорциум құру мүмкіндігі де бар. Мәселен, Түркиядағы Аккую станциясында реакторларды Ресей, турбиналарды Франция, ал автоматиканы Еуропа жеткізеді. Қазақстанда АЭС салынса, ең қауіпсіз және ең тиімді шешімге басымдық беріледі.
Реализация Послания Главы государства народу страны Справедливый Казахстан: закон и порядок, экономический рост, общественный оптимизм.  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.10.2024
Референдум: өз учаскеңізді қалай білуге болады және тізімде жоқ болсаңыз не істеу керек
Жаңалықтар
0