Кондиционері жоқ вагондарға 20% жеңілдік бар: жолаушылар нені білу керек

© Sputnik / Тимур БатыршинЖелезная дорога
Железная дорога - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.10.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Темір жол жолаушылары үшін кондиционері жоқ вагондарға 20% жеңілдік бар. Халық бұл ақпараттан қаншалықты құлағдар? Жолаушылар нені білу керек? Sputnik Қазақстан тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеді.
Алматыдағы екі бірдей темір жол вокзалына барып, жолаушылардан бұл жеңілдік туралы сұрап көрдік. Өкінішке қарай "білем" деген жолаушы таппадық.
"Мен отырған вагондарда кондиционер деген болған жоқ. Бірақ біз оған үйреніп қалғанбыз ғой, аса бір қиналдым дей алмаймын. Кондиционері жоқ вагондардың билетіне жеңілдік бар дегенді естімедім. Қарағанды мен Алматының арасында үнемі жол жүремін. Бірақ жеңілдікпен билет алу дегенді білмеймін", - дейді Қарағандыға кетіп бара жатқан жолаушылардың бірі.

Нашар вагондар өте көп

Тальгомен, жүрдек пойызбен үнемі сапарлайтын Кенжегүл Нұрғалиева да жеңілдік туралы естімепті.
"Мен бүгін тальгомен барамын, басқа уақыттарда жәй пойыздарға отырамын. Негізі нашар вагондар өте көп қой. Мысалы Қостанайға баратын 43-ші пойыз, вагондарын баяғыда қолданыстан шығару керек еді, өте ескі. Біз қаңтарда Астанадан Құсмұрынға бара жатқанда терезелерінің ішіне дейін қар кіріп кетті, сырт киімдерімізді киіп, үстімізге көрпеше жамылып, тоңып әрең жеттік. Бірақ билет құнын арзандатып сатқан емес, жалпы бір де бір рет билет құнына жеңілдік дегенді естіген емеспін, сізден бірінші рет естіп тұрмын", - дейді Кенжегүл Нұрғалиева.

Вокзалдағы анықтамада жеңілдік туралы ақпарат жоқ

Кондиционері жоқ вагондардың билеті туралы темір жол вокзалының анықтама бөлімінен де сұрап көрдік.
"Білмедім, айта алмаймын, кассадағылар айтады. Жеңілдік деген жоқ. Кондиционер істей ме, істемей ме деген сұрақтың маған қатысы жоқ. Мен билет құнын ғана айтып беремін, бізге басқа ақпарат берілмейді", - дейді вокзалдағы анықтама бөлімі.

Жеңілдетілген билет жоқ

Sputnik Қазақстан тілшісі қарапайым жолаушы болып кассаларды да аралап көрді. Бірақ коммерциялық касса да, акционерлік қоғам кассасы да жеңілдік туралы еш ақпарат айтпады.
"Ескі вагон, жаңа вагондар бар. Бірақ қанша жеңілдік бар екенін білмейміз, бірақ арзандауы бар. Сіз Қарағандыға барасыз ба? Қарағандыға баратын ең арзан пойыз – Қостанай пойызы, бағасы купе – 10 389 теңге, плацкарт – 7178. Бұл составта арзан вагон жоқ, бәрі бірдей", - дейді коммерциялық кассаның кассирі.

"Кондиционерді қайтесіз, күн салқын ғой"

"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның өз кассасынан да жеңілдетілген билет туралы сұрап көрдік.
- Қарағандыға ең арзан пойыздың билеті қанша? 20% жеңілдетілген билет керек еді.
- Сізге қай күнге керек?
- 5 қазанда жолға шықсам деп едім.
- Ең арзан пойыз – Алматы-Петропавл пойызы, билет құны – 6 092 теңге.
- Бұл кондиционері жоқ, 20% жеңілдігі бар вагон бағасы ма?
- Кондиционерді қайтесіз, күн салқын ғой қазір. Жеңілдік жоқ, жеңілдік тек мүгедек адамдарға бар.
Ұлттық тасымалдаушының паркінде бүгінде шамамен 2151 вагон бар. Оның 1311-і стандартты вагон, 732-і тальго вагоны, 108-і электр-дизель пойыздарының вагоны.
"Жолаушы тасымалы" акционерлік қоғамының мәліметінше вагондар паркін жаңартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жыл сайын жаңа вагондар сатып алынуда.

2030 жылға дейін 700 вагон жеткізіледі

"Кейінгі 10 жылда компания 1 500 жуық заманауи вагон сатып алды. Оның ішінде вагон паркі 2023 жылы және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында - 150-ден астам вагонға толықтырылды. Жаңа вагондар Алматы-Маңғыстау, Алматы-Атырау, Атырау-Астана, Атырау-Маңғыстау, Астана-Шымкент, Астана-Семей, Қызылорда-Семей, Алматы-Жезқазған, Павлодар-Алматы, Павлодар-Түркістан және Атырау-Ақтөбе бағыттары бойынша пойыздар құрамына енгізілді. 2030 жылға дейін 700-ден астам вагон жеткізіледі деп күтіп отырмыз", - дейді ведомство.
2 151 вагонның 1 663-інде ауа баптау жүйесі, яғни кондиционер бар.

Қазақстанда кондиционері жоқ 488 вагонға 20% жеңілдік бар

"Вагондар паркіндегі 488 вагонда кондиционер зауыттық конструкциясына сәйкес қарастырылмаған. Бұл вагондарда жеңілдіктер көзделген", - дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ.
Жолаушылар билет сатып аларда кассадан вагонда кондиционер бар-жоғын нақтылап сұрау қажет. Онлайн сатып алу кезінде сайтта орын таңдау барысында вагондардағы кондиционердің бар-жоғы арнайы белгішелермен көрсетілген, дейді акционерлік қоғам.
Комиссиясыз билеттерді сайтында немесе теміржол вокзалдарындағы "Жолаушылар тасымалы" АҚ билет кассаларында сатып алуға болады.
Жаңалықтар
0