Динара Зәкиева балаларға қатысты үрейлі фактілерді жария етті

© Photo : официальный аккаунт Динары Закиевой в соцсетяхДинара Закиева
Динара Закиева - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.09.2024
Жазылу
Бала құқықтары жөніндегі өкіл Түркістан облысына тексеру жүргізді
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Бала құқықтары жөніндегі өкіл Динара Зәкиева Түркістан облысындағы балаларға қатысты үрейлі фактілерді жария етті.
Ол оқушылардың сөзіне ешкім мән бермеген Сарыағаш ауданындағы ауыл мектебін мысал ретінде келтірді. Көктемде бала өз-өзіне қол жұмсады, зорланған 15 жасар қыздың жүкті екені анықталды.
"Бұған дейін психологтар салғызған суреттерде екі оқушы да өзін нашар сезінгенін білдірген. Алайда бұған ешкім тиісті мән бермеген, олар әлеуметтік қызметкерлер, қорғаншылық қызметі, кәмелет жасына толмағандер ісі жөніндегі инспекторлар жұмыс істемеген. Бұл сөздер мен суреттер көмекке шақыру белгісі, бірақ олар жетер құлаққа жетпеді", - деді Динара Зәкиева.
Төлеби ауданында ауыл мектебінде оқитын бір сыныптың төрт оқушысы өзін таяқпен ұрып-соққанын, үйінде жәбір көріп жатқанын айтып шағымданған. Алайда мектеп әкімшілігі, уәкілетті органдар мен психологтар тарапынан назар да, реакция да болған жоқ.
Сайрам ауданындағы мектепте бойжеткен өз-өзіне қол жұмсамақ болды, бірақ денсаулық сақтау қызметі мен психиатрларды тарту сияқты жұмыс атқарылмаған.
"Полиция екі факті бойынша іс қозғап жатыр. Сондай-ақ білім сапасы департаменті хабарламағаны және тиісті шара қолданбағаны үшін мектеп басшылығын жауапқа тартуы керек деп есептеймін", - деп жазды Зәкиева.
Әр өңірде ашылған отбасыларды қолдау орталықтары қажет және олар жұмыс істеп жатыр, деді Бала құқықтары жөніндегі өкіл. Дегенмен орталықтардың жұмысы барлық жерде сәтті әрі нәтижелі емес. Жоғарыда аталған салаларда жұмысты тәртіпке келтіру қажет, деді Зәкиева.
Бала құқықтары жөніндегі өкіл өңірдегі басқа жағдайларды да бөлісті:
Түркістанда мүгедек баланы анасы базарға қалдырып, қайыр сұрауға мәжбүрлеген.
Ленгер қаласында 10 бала антисанитарлық және қауіпті жағдайда тұрады. Көршілердің айтуынша, анасы ішімдік ішкен. Бұл отбасында 4 кішкентай бала болса да, қорғаншылық және қамқоршылық органдары бармаған. Балалар жарықсыз, тамақсыз күн кешуде, үй дымқыл.
Келес ауданында зорлау салдарынан 13 жасында дүниеге сәби әкелген қыз бала жыл басынан бері мектепке бармай жүр.
Сондықтан қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын стандартқа сәйкестендіру қажет – 5 мың балаға бір қызметкер, деді Бала құқықтары жөніндегі өкіл.
"Мәселен, Сарыағаш ауданында қазір 58 мың балаға 1 қызметкерден келеді. Қызметкердің өзі уақыты жоқ екенін, нені орындайтынын, не істерін білмей отырғанын айтады. Ал әр жағдайда әрбір баланың құқығын қорғап, нәтижеге жеткізу керек. Жоғарыда аталған жағдайлардың әрқайсысы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Бірақ мұнымен айналысатын ешкім жоқ", - деді Зәкиева.
Көшедегі дәретхана мәселесі өзекті болып тұр. Зәкиеваның айтуынша, Түркістан облысы өңірде бірде-бір далада дәретхана қалмағаны жөнінде есеп берген. Ал шын мәнінде олай емес екені дәлелденді.
"Әрбір дерлік мектеп пен интернатта балалар тек сырттағы дәретханаларды пайдаланады, олардың жағдайы өте нашар. Ішкі дәретхананың кілті директорда болады екен және балалар айтқандай, оны директордың рұқсатымен ғана пайдалануға болады", - деді Зәкиева.
Түркістан облысындағы жұмыс нәтижесі бойынша қорытындылар хаттамаға енгізіледі, оның орындалуын қадағалап, бақылайтын боламыз, деді Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі өкіл.
Жаңалықтар
0