"Кінәлі дәрігер жазасын алсын": Ақтөбе облысында баласынан айырылған әке әділдік іздейді

© Sputnik / Владислав ВодневПолицейское авто и автомобиль скорой помощи, иллюстративное фото
Полицейское авто и автомобиль скорой помощи, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.09.2024
Жазылу
Баланы емдей алмаған шалқарлық дәрігерлер ана мен баланы таксиге отырғызып, қасына мейірбикені қосып, Ақтөбеге жіберген
АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершігүр ауылының тұрғыны Арман Жұбанышев тұла бойы тұңғышынан айырылып қалды. Ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Ол оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Ақберен Арманұлы 2023 жылы 1 қарашада өмірге келген. Кесір тілігімен дүние есігін ашқан нәресте 7 айлық болып туған.
"Босанғаннан кейін балам мен әйелімді тікұшақпен Ақтөбе қаласына алып кетті. Әйелім бір аптадан соң ауруханадан шықты, ал баламның тоқ ішегіне операция жасады. Балам жақсы болып шықты, бірақ салмағы аз болды. Ауылға келіп салмақ қосқан соң Ақтөбеге апарып екінші отаны жасаттық. Ол отада ішегін бір-біріне жалғап, үлкен дәретке отыратындай етіп жасап берді, баланың жағдайы жақсы болды", - дейді Арман Жұбанышев.

Шалқар ауруханасының дәрігерлері бір ғана дәрі берген

Екі отадан сәтті өткен нәресте ауылына аман-есен келеді.
"Амбулаториядағы дәрігер "балаңызға екі рет ота жасады, Шалқар қаласына мүгедектік бойынша, сүтіне, памперсіне қосымша көмекке құжат жинаңыз" деді. 24 маусымда Шалқар қаласына барып, қаралып жүргенде баламның температурасы 38-39 градусқа көтеріліп кетті. Шалқардағы дәрігерлер әйелім мен баламды ауруханаға жатқызды. Баламның дене қызуы түспейді, мазасызданады, ал дәрігерлер бір ғана дәрі беріп қойып жүрген", - дейді ашынған әке.

Ақтөбеге таксимен жіберген

Баланы емдей алмаған шалқарлық дәрігерлер қасына мейірбикені қосып, ана мен баланы таксиге отырғызып, Ақтөбеге жібереді.
"Не жедел жәрдем жоқ, не санавиация жоқ. Жол болса нашар. Бала түнімен ұйықтамағандықтан мейірбике бір укол салады, балам ұйықтап қалады. Біздің ауылға жақындағанда бала оянады. Былқ-сылқ, жағдайы ауыр деп тағы бір укол салады. Сөйтіп тура ауылдың маңына келгенде жаңағы мейірбике ауылдың дәрігеріне "сіздің ауылдың баласы, өзіңіз қарайсыз, бала ауырып келе жатыр" деп телефон соғады. Ауылдың дәрігері "қарай алмаймын, ауданға жібердік емес пе" деп шыр-пыр болады", - дейді Арман Жұбанышев.

Ембіде дәрігер болмаған

Ауылдың дәрігері, Шалқардың мейірбикесі бар, барлығы ана мен баланы алып, сол таксимен Ембіге жол тартады.
"Ембіге келсе дәрігер жоқ. 3-4 сағат ары-бері дәрігерді күтеді. Сөйтіп жүргенде баланың кіші дәреті жүрмей қалады. Астанада тұратын туған апайыма хабарластым, ол облыстық денсаулық сақтау басқармасына шықты. Басқарма Ембі қаласына дәрігер жіберді, дәрігер келгенде баланың жағдайы мүлдем нашарлап кеткен, оттекпен демалып жатады. Содан санавиация шақыртады, тікұшақ келген, бірақ баланың жағдайы тасымалдауға келмей қалады. Баланы биікке көтеруге болмайды, балам сол Ембі қаласында көз жұмды", - дейді баласынан айырылған әке.

"Кінәлі дәрігер жазасын алсын..."

Арман Жұбанышев "баламды ары-бері тасып жүріп, ажал құштырған дәрігерлер лайықты жазасын алсын" дейді.
"Менің балам жер қойнында жатыр, ал олар түк болмағандай өз орындарында отыр. Кінәлі дәрігер өз жазасын алсын, солар дұрыс көмек көрсетпегендіктен баламнан айырылдым. Ауырып барсаң болды, Ақтөбеге қуалайды, босанатын әйелдерді де Ақтөбеге екі ай бұрын жібереді. Шалқардың дәрігерлері өз міндетін дұрыс атқармайды", - дейді Арман Жұбанышев.

Денсаулық басқармасы не дейді?

Болған оқиғаға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.
"Бұл жайт бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізді. Тексеру қортындысы бойынша Шалқар және Ембі ауруханаларының бас дәрігерлеріне шара қолданылды. Ақтөбе облыстық медициналық және фармацевтикалық тексерулер жүргізілді, тексеру нәтижесінде бас дәрігерлерге қатаң сөгіс берілді. Ал айыппұл салу, басқа да шаралар тек сот шешімімен қолданылады", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шарбақова.
Басқарма мамандары бұның бәрі баланың потологиясынан болған жағдай деп отыр.
"Бала шала туған, бірнеше потологиялық ақауы болғандықтан денсаулығы нашарлаған. Бала ішек инфекциясынан қайтыс болған. Өйткені шала туған, әлсіз, жүрек потологиясы болған, үш рет ота жасалған. Соның бәрінің әсері бар. Ақтөбеге тасымалдау кезінде баланың жағдайы күрт нашарлағандықтан Ембі ауруханасына жеткізіледі. Сол жерде консилиум жасап, баланы емдеген. Әрине таксимен тасу заңсыз, басында облыстық басқармаға хабар берілмеген. Сол себепті дұрыс ұйымдастырмаған басшыларға шара қолданылды", - дейді Әлия Шарбақова.
Жаңалықтар
0