Өскеменде зейнеткерлерді алдап жүрген алаяқ ұсталды

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, архивное фото
Наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2024
Жазылу
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының орталығында қарттардың ақшасы мен құны бір миллион теңгеден асатын әшекей бұйымдарын ұрлап кеткен алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ұсталған ер адам құбырларды тексеруге немесе есептегіш құрылғыларды ауыстыруға келдім деп, бірнеше зейнеткерді сан соқтырды. Мәселен, жәбірленушілердің біреуі үйдің ауласында отырғанда оған жақындап, өзін су арнасының қызметкері ретінде таныстырды. Сосын есептегіштерді тексеру керек деп шықты. Зейнеткер әйел оған сеніп, пәтерінің кілтін бере салы. Ал үйге өзі барғанда зергерлік бұйымдары бар қораптың жоғалып кеткенін көрген. Шығын сомасы шамамен бір миллион теңгені құрап отыр.
Өскемен қаласының 72 жастағы тұрғыны да оған алданып қалған. Алаяқ әженің есігін қағып, есептегіштері мен сымдарын тексеруге келгенін айтқан. Сосын қызмет ақысын сұрады. Артынан әңгімемен алдап, 140 мың теңгесін ұрлап кеткен. Ал 87 жастағы тағы бір зейнеткерге есептегіш құралында ақаулық тапқанын айтып, 1000 теңге төлесе, ол туралы тиісті мекемеге хабарламаймын деген. Пәтерден шығып бара жатқанда зейнеткердің сөмкесін ұрлап кетті, ішінде 25 мың теңге салынған әмиян болды.
Полицейлер күдіктіні ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған Өскемен қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Ұсталған ер адам ұрлап кеткен зергерлік бұйымдарды сатып жіберді. Тәртіп сақшылар оны тәркілеп алды.
Қазіргі кезде алаяқ қамауға алынды. Оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Жаңалықтар
0