Көкшетауда инклюзивті балабақша ашылуға дайын

Көкшетауда инклюзивті бірегей балабақша ашылуға дайын
Көкшетауда инклюзивті бірегей балабақша ашылуға дайын - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2024
Жазылу
Тәрбие ошағы 166 балаға арналған
АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары аясында "Аяла"инклюзивті балабақшасына барды, деп хабарлайды облыстық әкімдік.
Тәрбие ошағы 166 балаға арналған. Мұнда оқу және тәрбие жұмыстары мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Диагноздарына байланысты 10-12 тәрбиеленушіден 12 топ ашу жоспарланып отыр. Балабақшаға 3 жастан бастап ерекше балалар қабылданады.
"Мұнда толыққанды даму үшін барлық жағдай жасалады: тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған топтық сабақтар, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған топтық іс-шаралар. Дәрігер, дефектолог, психолог, логопед кабинеттері, сондай-ақ оқу – дене шынықтыру алаңы жұмыс істейді", - деп бөлісті "Аяла" балабақшасы директорының міндетін атқарушы Гүлнар Бекжанова.
Облыс әкімі мұндай мекеменің ашылуы ерекше көмекке мұқтаж жандар үшін үлкен сый болатынын атап өтті.
Балабақшада кешенді емдеу, түзету және әлеуметтік бейімделу үшін барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, бұл балаларды қоғам шеттетпеуі үшін кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, ерекше балаларды отбасылық тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беру және оқыту жұмыстары қарастырылды.
Бүгін күрделі жөндеуден кейін "Ер-төстік" балабақшасы өз есігін айқара ашты. Айта кетейік, биыл көктемгі су тасқыны кезінде ғимараттың ішіне су кірген еді.
"Көкшетау-2015" ЖШС мердігер ұйымы инженерлік коммуникацияларды бөлшектеп, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізді. Кіреберісі жөнделіп, ойын алаңдары абаттандырылды.
Айта кетейік, Ақмола облысында 38 мың бала бар. 597 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 260 балабақша. Жыл сайын инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Ерекше балаларға арналған 65 инклюзивті кабинет жұмыс істейді. Онда 1 мыңнан астам бала барады. Жыл соңына дейін тағы осындай 11 нысан ашылады деп жоспарлануда.
Жаңалықтар
0