Атом электр станциясын Балқаш жағалауында салу міндетті емес – сарапшы
© Sputnik/Ертай Сарбасов Sputnik /Камшат АбдирайымАлаколь Балхаш
© Sputnik/Ертай Сарбасов Sputnik /Камшат Абдирайым
Жазылу
Астана-Мәскеу бейнекөпірі барысында Қазақстан мен Ресей сарапшылары атом энергетикасын дамыту мәселелерін талқылады
АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Атом электр станциясын Балқаш жағалауында салу міндетті емес, деді ресейлік сарапшы Борис Марцинкевич. Нысанды су қоймасынан 50 шақырым жерде салуға болады.
Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен Астана-Мәскеу бейнекөпірі кезінде атом энергетикасын дамыту мәселелерін талқылауға ресейлік сарапшы және "Геоэнергетика ИФО" аналитикалық журналының бас редакторы қатысты.
"Ресейде тікелей салқындатуға тыйым салынады. Тек градирнялар. Сондықтан су көзінің нақты қай жерде орналасқаны шын мәнінде маңызды емес. Егер референдумда станция салу мақұлданса, шешімді Қазақстан құратын мемлекеттік реттеуші орган қабылдайды деп ойлаймын және әрине көп нәрсе сіздердің геологтарыңызға байланысты болады. Олар ең қолайлы жер 50 шақырым жерде десе, 50 шақырым жерде болады", – деді Борис Марцинкевич.
Оның айтуынша, бұл техникалық шешілетін мәселе және күтпеген апат болған жағдайда Балқаш көлінің радиациялық ластану қаупінің алдын алады. Марцинкевич қазақстандықтардың ядролық қалдықтарға қатысты алаңдаушылығына да тоқталды.
"Кеңестік немесе ресейлік АЭС технологиялары қолданылған барлық жағдайда сәулеленген ядролық отынды қайта өңдеу туралы келісім жасалады", - деді сарапшы.
Борис Марцинкевич Қазақстанның уран рудасының ең ірі өндірушісі бола тұра атом энергетикасынан бас тартуы дұрыс емес шешім деп санайды. Сонымен қатар бір ғана жаңартылатын энергия көзін дамыту елдің дамуына зиянын тигізіп, электр энергиясын өндірудің негізгі қағидаттары саналатын сенімділік, қауіпсіздік, сапа талаптарын бұзуы мүмкін.
"Қазақстанның атом өнеркәсібіне келетін болсақ, бар тәжірибе, зерттеу реакторлары мен ғылыми ұйымдар атом энергетикасы клубына сенімді түрде кіруге мүмкіндік береді және менің ойымша, бұл өте орынды болар еді. Орналасу орындары туралы айтатын болсақ, Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін және Балқаштағы генерация байланыстыратын ұзын желі сенімділікті арттырады. Жаңа жел және күн электр станцияларын салудың өзі дәстүрлі және атомды генерация беретін сенімділікті қамтамасыз ете алмайды", - деді ол.
Ол сондай-ақ Қазақстан генерацияның барлық түрін – көмірді, газды, атомдық және жаңартылатын энергия көздерін дамыту қажет екеніне сенімді. Бұл ретте ол Қазақстанның энергетика министрлігі ұсынған энергетиканы дамыту тұжырымдамасын қолдады.
"Түрлі энергия көздерін пайдаланатын әртүрлі генерация түрлері бәсекелеспей, бірін-бірі толықтыруы керек", - деді Борис Марцинкевич.
Ол атом электр стансаларын салу аясындағы энергетикалық ынтымақтастық энергетикалық пен электр техникалық машина жасауды бірлесіп дамытуға ұласуы мүмкін екенін, одан екі ел де тек пайда көретінін айтты.
Әр елдің өзінің мықты тұстары бар, егер біз инженерлік-конструкторлық мектептер беретін мүмкіндіктерді біріктірсек, бұл барлығына пайда әкеледі деп ойлаймын, деді Марцинкевич.