Үкімет экономиканы әртараптандыру, өндірісті ынталандыру бағытында қандай шаралар атқарды

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаГлава государства посетил предприятие по производству шин
Глава государства посетил предприятие по производству шин - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.08.2024
Жазылу
АСТАНА, 20 тамыз - Sputnik. Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында үкімет экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті ынталандыру және офтейк-келісімшарттар жүйесін толық іске қосу бойынша бірқатар жүйелі шаралар қабылдады.
Үкімет биыл өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін заңнаманы жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, жеңілдетілген қаржыландыруды бөлу және отандық өндірісті ынталандырудың жаңа құралдарын енгізу жөнінде шаралар қабылдады. Машина жасау, мұнай химиясы, металдарды терең өңдеу және автомобиль жасау сияқты келешегі бар салаларға ерекше назар аударылады.
Соның нәтижесінде жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аталған секторда жиынтық көрсеткіші 105,1% болатын оң динамика байқалады. ЖІӨ-ге қосқан үлесі бойынша өңдеу өнеркәсібі бүгінде тау-кен өндірісі мен саудадан кейінгі үшінші орынды сақтап отыр – 13,3%.
Заңнамадағы өзгерістердің арқасында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары мен ірі тау-кен өндірісі компаниялары бастапқы алюминий мен мыс шикізатын ішкі қайта өңдеуді қамтамасыз ететін 25 келісімге қол қойды.
Мәселен, 2023 жылы алюминий өңдеу көлемі 51 мың тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға және 2021 жылмен салыстырғанда 70%-ға артық. 2024 жылы қайта өңдеуді 72 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Абай облысында жаңа мыс балқыту зауытының жобасы жүзеге асырылуда. Ірі кәсіпорынды іске қосу шеңберінде 2029 жылға дейін мыс өндіру көлемін 450 мыңнан 750 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
"Qarmet" ЖШС кеңейту және арнайы мақсаттағы болат өндіру ("Казахсталь") бойынша жаңа жобаларды іске қосу есебінен болат өндірісін 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар ERG компаниясы BAOWU Steel компаниясымен бірлесіп Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндірісін іске қосуды көздеп отыр. Темір кені шикізатын тереңдетіп өңдеу болат өндірісі үшін 100% шикізат базасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Машина жасау саласында теміржол кластерін одан әрі дамыту жоспарланып отыр, жұмыс істеп тұрған өндірістерде теміржол көлігі мен магистралды жолдарға арналған өнімдердің толық желісін: ұсақ бұйымдардан бастап жартылай ашық жүк вагондарына дейін игеру көзделген. Осы жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай теміржол машинасын жасаудағы локализация деңгейін 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ машинасын жасауда сорғылар мен компрессорларға, крандарға, клапандарға, вентильдерге, құбырларға арналған арматуралар, бактар мен цистерналарға арналған бөлшектер өндірісі жолға қойылған. Таяу арада бекіту арматурасы, сорғы, компрессорлы және гидроциклонды жабдықтар, бұрандалы сорғы жүйелері өндірісі іске қосылады және мұнай-газ жабдықтары өндірісі кеңейтіледі.
Автомобиль жасауда көлік құралдарын құрастырудың неғұрлым күрделі деңгейіне кезең-кезеңімен көшу қолға алынған. Автоөндірушілер 2027 жылға қарай шағын торапты құрастыру (CKD) үлесін жалпы өндіріс көлемінің 50%-на дейін біртіндеп жеткізу міндеттемелерін орындауда. Автокомпонентті базаны дамыту шеңберінде Қостанай мен Алматы қалаларының шағын өнеркәсіптік аймақтарында орындықтар, пластик бөлшектер мен мультимедиялық жүйелер өндіру жобалары іске асырылуда.
Құрылыс индустриясында отандық өндірушілер бүгінде ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына деген қажеттілігін жабады: бетон бойынша – 100%, цемент бойынша – 93,7%, құрғақ құрылыс қоспалары бойынша – 98,3%. 2029 жылға дейін 170 жаңа жобаны, оның ішінде санфаянс, еден жабындары, талшықты цемент панельдері, тұсқағаздар, керамика плиткалары, қаптау кірпіштері, жылу оқшаулағыш, шатыр және қасбеттік материалдар өндірісін іске асыру жоспарлануда. Бұл құрылыс индустриясындағы жергілікті қамту үлесін 85%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Саран қаласындағы "Silk Road Electronics" ЖШС жұмыс істеп тұрған кәсіпорны базасында қытайлық HKC Corporation компаниясы және оңтүстіккореялық Samsung Electronics сияқты жаңа инвесторларды тарту есебінен тұрмыстық техника өндірісін ұлғайту жұмысы жалғасуда.
Кәсіпорындардың инфрақұрылымға кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жетілдірілуде. Биылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша қабылданған заңнамалық түзетулер шеңберінде оң нәтижелер бар.
Мәселен, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап АЭА қатысушыларына жеңілдіктер беру "инвестициялар неғұрлым көп болса – соғұрлым көп жеңілдік болады" қағидаты бойынша салынған инвестицияларға байланысты сараланған түрде жүргізіледі. Бұл тәсіл жоғары қосылған құны бар капиталды қажет ететін, инновациялық өндірістерді тартуды ынталандырады.
АЭА қызметінің басым түрлерінің тізбесін кеңейту және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының санын көбірек тарту бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ барлық АЭА-ның 2049 жылға дейінгі жұмыс істеу мерзімін біріздендіру мәселесі пысықталуда, бұл ұзақмерзімді инвестициялар мен дамуға тұрақты жағдай жасайды.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау және кәсіпорындарды өз қуаттарына шығару маңызды бағыт болып саналады.
Ол үшін мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық өндірістің 4 мыңнан астам тауарын ұлттық режимнен алып тастау белгіленді, олар жергілікті өндірушілерден басым тәртіппен сатып алынатын болады. Олардың ішінде жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, металлургия, құрылыс және жиһаз өнеркәсібі тауарлары, сондай-ақ азық-түлік өнімдері бар.
Мемлекет басшысының реттелетін сатып алулардағы отандық тауарлар көлемін ұлғайту және офтейк жүйесін толықтай іске қосу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында былтыр отандық өндірушілер өз өнімдерін сатуға жалпы сомасы 66 млрд теңгеге 179 ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасты.
Үкімет жанынан Инвестициялар тарту жөніндегі арнайы кеңес (Инвестициялық штаб) жұмыс істейді, ол инвесторлар мен бизнестің жедел және жүйелі мәселелерін шешуде белсенді әрекет етуде. Шетелдік әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатудың арқасында Қазақстан перспективалы жобаларға белсенді түрде инвестиция тартуда, бұл еліміздің сапалы серпілісі мен жаһандық қосылған құн тізбегіне интеграциялануына ықпал етеді.
Өңдеу өнеркәсібінің басым бағыттарында жоғары қайта бөлу кластерлерін құру бойынша ірі жобалардың тізбесі қабылданды. Оның қатарына металлургия және химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардағы 17 жоба кірді. Аталған бастамалар шикізатты терең өңдеуге және онымен байланысты салаларды дамытуға бағытталған, бұл жалпы экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді.
Жаңалықтар
0