ЕАЭО-дағы еңбек миграциясы туралы не білу керек

© Sputnik / Евгений ЕпанчинцевПаспортный контроль
Паспортный контроль - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2024
Жазылу
Бүгінгі таңда еуразиялық "бестіктің" бірыңғай еңбек нарығы осы елдердің кез келгенінде еркін қозғалып, жұмыс істей алатын 93 миллионнан астам адамды қамтиды
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) төрт негізгі еркіндікті қамтамасыз етуге ұмтылады: тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің бүкіл Одақ аумағында еркін қозғалысы.
ЕАЭО аясындағы интеграцияның басты мақсаттарының бірі – еркін еңбек нарығын құру. Одақ аясында ұйымға мүше елдердің азаматтары үшін жұмысқа орналасу бойынша қандай шарттар мен әлеуметтік кепілдіктер қарастырылғанын оқыңыз.

ЕАЭО-да шектеусіз қалай жұмыс істеуге болады

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары үшін еңбек нарығында ерекше шарттар бар: олардан жұмысқа орналасу үшін арнайы рұқсаттарды талап етпейді, ішкі нарықты қорғау шаралары мен квоталар қолданылмайды.
Жұмыс берушілер де олар үшін шетелдіктер ретінде жарна төлеуге міндетті емес. Негізінде олардың құқығы жергілікті халықтың құқығымен теңестірілген.
ЕАЭО елдерінің кез келгенінде жұмысқа орналасу үшін азаматқа тек үш құжат қажет:
паспорт,
білімі туралы диплом немесе біліктілік туралы куәлік,
еңбек өтілін растайтын құжат (еңбек кітапшасы).
ЕЭК Еңбек миграциясы және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Олег Артамонов түсіндіргендей, егер азамат жұмыс мақсатында емес, іскерлік немесе басқа себептермен келген болса да, елге кіру мақсатын қайта рәсімдеуге және сол жерде еңбек шартын жасауға болады.
"Елге келсеңіз болды, тіпті жұмыс мақсатымен емес, айталық, іскерлік немесе басқа мақсатпен келсеңіз де, қазір біздің заңымызда мемлекеттен шықпай-ақ елге келу мақсатын қайта рәсімдеп, азаматтық құқықтық шарт немесе еңбек шартын жасауға мүмкіндік беретін тармақ бар. Сонда сіз бірден осы елде осы мерзімге қалу мүмкіндігіне ие боласыз", - деді Олег Артамонов "Еуразиялық Подкастта".
Егер еңбек шарты бұзылса, ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтарына елде болу және жұмыс істеу мерзімін ұзарту үшін екі апта уақыты бар.
Бұл ретте ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары жергілікті тұрғындармен тең негізде барлық мүмкіндікті пайдалана алады: олардың балалары мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарына бара алады, бірінші күннен бастап салық резиденті бола алады және төтенше жағдайларда тегін медициналық көмек ала алады.
Міндетті медициналық сақтандыру Ресейде, Қазақстанда және Қырғызстанда жұмыс істейді. Арменияда медициналық сақтандыру жүйесі құрылуда және жақын арада іске қосылады. Беларусьте жүйе басқаша болғанымен, медициналық қызмет қолжетімді.
ЕАЭО елдерінің азаматтары кәсіподақтар құрып, бірыңғай еңбек нарығында барлық құқықты пайдалана алады.

ЕАЭО-дағы жұмыссыздық пен еңбек миграциясының қарқыны

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресей ЕАЭО елдерінен келген жұмысшылар саны бойынша көш бастады. Осы кезеңде елге одақтас мемлекеттерден 881 мыңнан астам жұмысшы келді. Атап айтқанда, Қырғызстаннан 618 мыңға жуық, Армениядан 117 мың, Беларусьтен 44 мыңнан астам және Қазақстаннан 102 мың азамат Ресейге келген.
Ресей жұмысшылар саны бойынша көш бастап қана қоймай, көші-қон процестеріне белсенді қатысады. Соңғы жылдары ресейліктер де басқа елдерге көшіп жатыр, бұл халықтың мобильділігі мен халықаралық байланыстардың артқанын көрсетеді.
Қазақстан 80 мың адамды қабылдап, еңбек мигранттары саны бойынша екінші орында тұр. Олардың басым бөлігі, атап айтқанда 66 092 адам Ресейден келген.
Армения 20573 адамды қабылдады, оның 90 пайыздан астамы ресейліктер болды. Қырғызстанға ЕАЭО елдерінен 8,6 мыңнан астам жұмысшы, Беларуське 3,8 мыңға жуық жұмысшы келді.
ЕАЭО халқының жалпы саны 185,5 миллион адамды, жұмыс күші 93,4 миллион адамды құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша ЕАЭО-дағы жұмыссыздық деңгейі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 3,2%-ды құрады. Арменияда бұл көрсеткіш 15,5%-ға, Беларусьте – 3,3%-ға, Қазақстанда – 4,7%-ға, Қырғызстанда – 4,9%-ға (2022 жылы), Ресейде – 2,8%-ға жетті.
2024 жылдың мамыр айының соңында ЕАЭО елдерінің жұмыспен қамту қызметтерінде жұмыс іздеп жүрген 999,5 мың азамат тіркелген.
Осы жылдың мамыр айында бос жұмыс орындарының саны сәуірмен салыстырғанда Қырғызстанда 14,4%-ға, Ресейде 11,9%-ға және Беларусьте 4,6%-ға артты. Арменияда керісінше 9,3 пайызға төмендеген.
2024 жылғы қаңтар-наурыздағы орташа айлық номиналды жалақының статистикасы ең жоғары табыс Ресейде тіркелгенін көрсетті – 888 доллар (402 910 теңге). Қазақстанда да орташа жалақы айтарлықтай жоғары – 849 доллар (382 279 теңге). Арменияда 702 доллар (314 310 теңге), Беларусьте 643 доллар (290 915 теңге), Қырғызстанда 381 доллар (170 230 теңге) болды.

Дипломдарды өзара тану

ЕАЭО елдерінде жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушімен келісіп, одақтың барлық елдерінде автоматты түрде танылатын білім туралы құжаттарды ұсыну жеткілікті. Бұл жұмыс іздеу процесін айтарлықтай жеңілдетеді және бюрократиялық кедергілерді жояды.
Білім туралы құжаттар ЕАЭО бүкіл аумағында танылады, бұл жұмыспен қамтуда басты рөл атқарады.
Бүгінде ғылыми дәрежелерді өзара тану туралы келісім бар.
Ғылыми атақтарды тану туралы келісім де дайындалуда, бұл еңбек миграциясын жеңілдетуге тағы бір қадам болмақ.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия 2023 жылы кәсіби біліктілікті өзара тануға ерекше көңіл бөлді. ЕАЭО-ның бес еліндегі сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жасалды, ол білім беру жүйесіне, жұмыспен қамту министрліктеріне және азаматтардың өздеріне нұсқаулық ретінде болады.
Сұранысқа ие мамандықтарға біліктілік талаптары әзірленді, бұл білім беру ұйымдарына бірдей, мойындалған біліктілігі бар мамандарды дайындауға көмектеседі
"Біліктілік сәйкестігі маңызды мәселе болып тұр. Жыл сайын мемлекеттеи бізге сұранысқа ие мамандықтардың тізімін ұсынады. Біз олармен бірлесе отырып, жұмысшының біліктілік деңгейін жұмыс берушіге ыңғайлы және түсінікті ету үшін осы мамандықтар бойынша біліктіліктерді ұқсас етуге тырысамыз", - деді Олег Артамонов "Еуразиялық подкастта".
Яғни, барлық ел кәсіби біліктілікті өзара мойындаған кезде кедергісіз жұмысқа орналасу мүмкіндіктері айтарлықтай артады.
Бұл әрекеттердің барлығы кез келген ЕАЭО еліне келген жұмысшылардың біліктіліктері күмән тудырмай, жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік беруін қамтамасыз етуге бағытталған.

Зейнетақы туралы

ЕАЭО елдерінде жұмысшылар қай елде жұмыс істейтініне қарамастан тең құқықтарға ие. Зейнетақы әрбір елдің ұлттық заңнамасына сәйкес есептеледі, бірақ ЕАЭО елдерінің кез келгенінде жинақталған жалпы еңбек өтілі есепке алынады. Бұл адам зейнетақыны емес, зейнетақы адамды "іздейді" дегенді білдіреді.
Бірнеше елде жұмыс істейтін адам зейнетақыны есептеген кезде ол сол мемлекетте тұр ма, жоқ па, кез-келген мемлекеттің біріне жүгіне алады. Өтінішті қабылдаған мемлекет рәсімді өзі жүзеге асырады және ол қандай да бір зейнетақы өтілі немесе зейнетақы алуы мүмкін барлық мемлекетке сауал жолдайды. Сонда мұның бәрі бір бүтінге жинақталып, ол сол азамат тұрған аймаққа келеді.
Әр елдің өз ұлттық заңнамасы мен зейнетақыны есептеудің арнайы ережелері болғанымен, бір елде есептелген сома басқа елдерден бөлінген зейнетақымен жинақталып, оны алушының шотына жіберіледі.
Қазір ЕЭК барлық процесті цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, бұл процесті тезірек және ыңғайлы етеді.
Айта кету керек, адам еңбек немесе азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша ресми түрде жұмыс істеген болса, кейін оның зейнетақы құқығы ескеріліп, оған зейнетақы ресімделеді. Алайда, егер ол заңсыз, яғни тіркеусіз жұмыс істеген болса, оның өтілі мен қызметін растау өте қиын, кейде мүмкін емес болады.

Жұмысты қайдан іздеу керек

Соңғы жылдары ЕАЭО елдерінде жұмысқа орналасудың мобильділігі мен қолайлылығы айтарлықтай өсіп, жұмысшылар үшін кедергілерді іс жүзінде жойды.
Жаһандық цифрландыру процесі аясында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) "Шекарасыз жұмыс" бірыңғай жүйесін құрды. Бұл жүйе бос жұмыс орнын табуға, жұмыс берушімен байланысуға және үйден шықпай-ақ еңбек шарттарын келісуге мүмкіндік береді, бұл жолға шықпас бұрын жұмысқа орналасуға сенімділікті қамтамасыз етеді.
"Шекарасыз жұмыс" – бұл ЕАЭО елдерін, атап айтқанда, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейді қамтитын халықаралық жұмыс іздеу және жұмысшыларды іріктеу жүйесі.
Жобаға қазірдің өзінде ұлттық жүйелер қатысып отыр: "Горц" армяндардың жұмыс іздеуге арналған ақпараттық жүйесі, Беларусьтің мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің порталы, Қазақстан еңбек министрлігінің электронды еңбек биржасы, Қырғызстанның еңбек министрлігінің "Жұмыспен қамту" порталы және "Ресейдегі жұмыс" бүкілресейлік бос орындар базасы.
"Шекарасыз жұмыс" бірлескен цифрлық жобасы 2021 жылдың 1 шілдесінде іске қосылды.
Онда 500 мыңнан астам бос жұмыс орны мен 2 миллионнан астам түйіндемені жарияланған.
ЕЭК Еңбек миграциясы және халықты әлеуметтік қорғау департаменті жүйені одан да көп қызметтерді, соның ішінде несиелеуді, кеңес беруді және жұмысқа орналастыру процесінде қолдауды қамтамасыз ететін экоплатформаға айналдыруды жоспарлап отыр.
Егер жұмысшылар одақтың кез келген елінде әкімшілік рәсімдер бойынша қиындықтарға тап болса, ЕЭК оларды комиссияға ақпарат эолдауға шақырады. Бұл жағдайды қорытындылауға және талдауға және осы мәселелерді шешу үшін жергілікті құзырлы органдармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
0