Қарағандылық полицей Абаймен аттас болу қандай жауапкершілік жүктейтінін айтып берді

© Sputnik / Абзал КалиевПолицейская форма
Полицейская форма  - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.08.2024
Жазылу
Мен өзіме ғана емес, өзгеге де үлгі болуым қажет, дейді Абай Құнанбайұлы
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Қарағанды қаласында жұмыс істейтін полицей Абай Құнанбайұлы ғұламаны аты-жөні өміріне қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстан полициясында Абай есімді 200 сақшы қызмет етеді. Олардың арасында ұлы ақынның толық аты-жөнін арқалаған полицей де бар. Патрульдік полиция полкі штабының бастығы Жаналин Абай Құнанбайұлы Қарағанды қалалық полиция басқармасында жұмыс істейді. Оның есімін ағасы қойған.
Полицей Абай Құнанбайұлы 1982 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына заңгер мамандығына түскен. 2002 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Полицей шығармашылыққа жақын болмаса да, Абай мұрасымен жақсы таныс.
"Бұл есімді алып жүру – мен үшін үлкен құрмет. Ұлы адаммен аттас болу – үлкен жауапкершілік. Мен өзіме ғана емес, өзгеге де үлгі болуым қажет. Маған қарап бой түзейтіндей, таңдаған жолымда адаспай жүруім керек екенін бала күннен, яғни Абай атамыздың өмір жолын оқып білгеннен-ақ ұққанмын", – дейді Жаналин.
Абай жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Әкесі Құнанбай немерелерінің біреуіне Зере деп ат қойған. Осылайша бұл отбасының тағы бір мүшесіне атақты есім берілген.
Бүгінде Абай есімді полицейді әр облыстан табуға болады. Павлодар облысының өзінде ұлы ақынмен аттас сегіз тәртіп сақшысы қызмет етеді. Әрқайсысы Абайдай елдің қамын ойлайтын адал перзенттерді тәрбиелеуді мақсат етеді.
Қазақстанда жыл сайын 10 тамызда Абай күні аталып өтеді. 179 жыл бұрын дәл осы күні қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы дүниеге келді.
Жаңалықтар
0