"Туған қарындасына үйленбек болған": Сот орындаушылар палатасы дабыл қақты
14:34 07.08.2024 (жаңартылды: 10:48 14.08.2024)
© Sputnik / Виталий АньковАрхивное фото мужчины, находящегося в состоянии стресса
© Sputnik / Виталий Аньков
Жазылу
АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Отбасы институтын дамытып, ажырасуды азайтпаса, қазақтың жеті ата құндылығы құрдымға кетеді. Астана қаласы Жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Айбын Өтегенов Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбатында осылай деді.
Ағасы мен қарындасы үйленбек болған
Ажырасып, алимент өндіре алмай босып жүрген әйел көп. Алимент төлеуден жалтарып, жабу астында жан сақтап жүрген әке қаншама.
Астана қаласы Жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Айбын Өтегенов мынадай бір оқиғаны тілге тиек етті.
"2018-2020 жылдары Алматы қаласы басшысының орынбасары болып қызмет еттім, менің қабылдауыма алимент өндіріп беруді сұрап бір үлкен кісі келді. Ол кісінің күйеуі бұған дейін үйленіп, ажырасқан екен. Әйелінде ұл бала кеткен. Сол ұл баланы шешесі алимент төлемегені үшін әкесіне мүлдем көрсетпеген. Содан ол еркек екінші рет үйленеді. Екінші әйелінен қыз туады. Қыз бойжетеді, тұрмысқа шығып, құда келетін болады. Құда дегені бірінші әйел, ал күйеу бала дегені қыздың ағасы болып шығады. Бірін-бірі көрмеген, білмеген екі жас, яғни ағасы мен қарындасы бір-біріне ғашық болып, төсектес болып үлгерген. Дәл сырға салып, құда түсуге келгенде ғана білген. Екеуінен ауру бала туған. Еш кінәсіз екі жастың өмірі талқан болды. Содан жастар екі жаққа кетеді. Жігіт балаға алимент төлемеген", - дейді ол.
Айбын Өтегеновтың айтуынша, қазіргі ажырасу дәл осылай белең ала берсе, қазақтың жеті ата құндылығы құрдымға кетеді.
Отбасының бұзылуына кім кінәлі?
Былтыр Қазақстандағы АХАТ органдары 120,8 мың некені тіркеді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9% аз. Астанада неке құрғандар саны салыстырмалы түрде көп, ал Түркістан облысында керісінше бұл көрсеткіш ең төменгі деңгейде. Ажырасуға келер болсақ, 40,2 мың адам некесін бұзған. Оның 29,4 мыңы қалалық, 10,8 мыңы ауылдық. Ажырасудан алдына жан салмаған аймақ Шығыс Қазақстан, ал некесін барынша сақтайтындар - түркістандықтар екен. Бұл мәліметті ұлттық статистика бюросы ұсынды.
"Отбасының шырқын бұзатын тек еркектер деп айтуға болмайды. Бірақ кез келген отбасын құратын да ер адам, қызды таңдайтын да ер адам, әйел етіп үйленетін де ер адам. Сол себепті ер адам кінәлі дер едім. Отбасының құрылуына да, бұзылуына да еркектер кінәлі. Еркектерге жауапкершілікті көбірек арту керек, өйткені жаман әйелді алатын еркек", - дейді Айбын Серікұлы.
Сот еш зерттемей ажырастыра береді
"Алимент балаға төленетін ақша. Егер бала әкемен қалса әйел, шешемен қалса еркек төлеу керек. Бұны ата-ананың бала алдындағы міндеті деп қарау керек. Бала кіммен тұрмаса, сол алимент төлейді. Бізде бала көбіне анасымен қалады, заңда бұған басым құқық берілген. Сол себепті көбіне ер адамдар борышкер болады, сол себепті алимент төлеуге міндетті", - дейді Айбын Өтегенов.
Сот орындаушылардың айтуынша, әйел бала туғанда күйеуімнен алимент өндірсем деп дүниеге әкелмейді. Бірақ отанасының да олқы тұстары барын жасырмайды.
"Мынадай кездер бар, әйел адам үйінің берекесін өзі кетірсе, әйелдік міндетін атқармаса, бұны жан-жақты қарастыру керек. Бізде сот анықтама берген сияқты ерлі-зайыптыны ажырастыра салады. Бұл жерде психологты шақыру керек, зерттеу керек. Кім отбасын бұзуға себеп болды, мүмкін әйелі күнде ішімдік ішетін шығар, міне содан бастау керек", - дейді Жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары.
"Отбасын құрардан бұрын неке шартын жасау керек"
"Өз ойымды айта кетейін, неке келісімшарты деген біздің табиғатымызға жат, бірақ Еуропада бар тәжірибе. Бізге де соны жүзеге асыру керек. Мысалы ұзақ уақыт бойы ерлі-зайыпты болып тұрды. Неке кезінде дүние-мүлік алады, бірақ күйеуі әке-шешесінің атына жазады. Ажырасқан кезде әйелі ешнәрсесі жоқ, жалаңаяқ далада қалады. Неке келісімшартын бір бала болатын болса, бір бөлмелі үй әперуге міндетті ететіндей жасау керек", - дейді Айбын Серікұлы.
Неке шартының көлеңкелі тұстары да жоқ емес дейді ол.
"Бірақ неке шартының бір минусы бар, ол әйелдің ертең қандай болатынын білмейді ғой. Сол себепті неке келісімшартын бала үшін жасау керек".
Қазақстанда отбасын құрғандардың ішінде бірінші рет некеге тұрған ерлердің үлесі 78,2%, әйелдерде – 79,4%. Ал ажырасып екінші рет некеге тұрудан ерлер басым түсіп тұр. Былтыр қайта некеге тұрған ерлер - 20,4%, әйелдерде 18,9% екен.
Алимент өндіру – өте күрделі мәселе
Қазіргі күні Қазақстанда борышкерлерден алимент өндіру өте күрделі мәселе. Бұны осы саланың мамандары да мойындап отыр.
"Ең күрделі мәселе – борышкерлерді нақты жауапкершілікке тарту. Мысалы 3 ай алимент төлемеген борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бұны сот қарайды, мемлекеттік сот орындаушы хаттама толтырады, хаттама толтыру кезінде борышкер келу керек, ол келмесе хаттама толтырылмайды. Мәжбүрлеп әкелгеннің өзінде сот айыппұл береді немесе 5 тәулікке қамалады. Бірақ борышкерден алимент өндіре алмай жүргенде айыппұлды өндіру тіпті мүмкін емес, қамалғанның өзінде де еш пайда жоқ. Тегін бес күн тамақ ішеді, жатады. Балаға да пайдасы жоқ, сот орындаушыға қосымша жұмыс болады", - дейді Айбын Өтегенов.
Алиментті атасы мен апасы төлейді
Қазір әкесі баласына алимент төлемесе, немересі үшін атасы мен апасы төлейді.
"Мысалы алимент төлеуден қашып жүрген борышкер баланың ата-әжесінен баланың анасы алимент өндіруге құқы бар. Отбасы және неке кодексінде бұл көрсетілген. Алимент ала алмай жүрген әйелдерге көп пайдасы тиюде. Бұл шара борышкерді біраз тығырыққа тіреп, нәтижесін беріп жатыр. Алимент әкесінен өндірілсін, төлемеген жағдайда ата-апасы төлесін деп заңға осы бапты қосымша енгізсе дұрыс болар еді", - дейді сот орындаушы.
Әкесі сотталған деген атақ баланың болашағына әсер етеді
Сот орындаушылардың пікірінше, борышкерге қолданатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті өзгерту керек.
"Борышкер баласына алиментті 6 ай төлемесе қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бірақ бұл да нәтижесіз. Сот мұндай жағдайда 98% шектеу ғана береді. Борышкерді қамамайды. Қоғамдық орындарға баруға болмайды, кешке шығуға болмайды. Бұл нәтижесіз, өйткені борышкерді ешкім бақылап отырмайды, жергілікті полиция күнделікті оларды қадағалай алмайды, ол мүмкін емес. Ал болашақта балаға кері әсер етеді, өйткені әкесі сотталған деп, баланың репутациясы бұзылады. Әкімшілік болсын, қылмыстық болсын борышкерді жазалаудан пайда жоқ. Бұны мәжбүрлі жұмыс істету керек, сонда ғана бала үшін пайдасы бар", - дейді Айбын Серікұлы.
Борышкердің еңбекақысын дәлелдеу мүмкін емес
Тағы бір тығырыққа тірелетін мәселе – борышкердің жасырын жұмыс істеп, қомақты ақша тауып жүргенін дәлелдей алмау.
"Алиментті аз төлеу үшін борышкерлер 85 мың теңге деп жалақысын аз көрсетеді. Салдарынан баласы алиментті тиісті деңгейде алмайды, формальды түрде алимент төлеген болып тұрады. Сөйтіп ата-аналық міндетін орындаған болып шығады. Сол себепті алиментке қатысты минималдық дегенді алып тастау керек", - дейді Өтегенов.
Сот орындаушыларға сын көп айтылады
"Борышкер минималды жалақы көрсетсе, "әдейі жалақысын аз көрсетіп жатыр, сот орындаушы неге тексермейді" деп шағым айтатындар көп. Бұл дәйекіз. Өйткені сот орындаушы "сен 85 мыңға жұмыс істеме, 300 мыңға жұмыс істе" деп айта алмайды ғой. Ал сын дәйекті тұстары: сот орындаушылардың арасында немқұрайды қарайтындар бар. Оның себебі де бар, жаңағы істеген жұмыстардың барлығы жауапкершілікке тарту барысында еш нәтижесіз. Нәтиже болмағаннан кейін сот орындаушы істі шикі бастайды, шикі аяқтайды", - дейді Жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары.
Алимент – қоғамның проблемасы
Құзырлы мекеме мамандарының айтуынша, Қазақстанда отбасы институты құлдырап кетті.
"Біздің ел ажырасу бойынша көш бастап тұр. Кез келген үйді қарасаңыз, не қызы ажырасып кеп жатыр, не ұлы ажырасып жатыр. Бізде отбасы институтын дамыту керек. 60 жастағы ер адам жас қызға қызығады, қыздар да намыстанбайды. Өте бір ауыр кезең болып жатыр. Ата-ана қыз бен ұлдың орнын қалыптастыру керек. Алимент тек балаға ақша өндіру емес, бұның басы әріде, ерлі-зайыптының шиеленіскен жағдайы тұр", - дейді сот орындаушы.
Өтегеновтың айтуынша, алиментті қорқытып-үркітіп өндіруден пайда таппаймыз, бастысы отбасы құндылығын арттыру керек.
"Алиментке қатысты тағы бір айтарым, қоғамда болсын, басқа жерде болсын ер мен әйел арасындағы проблема деп ойлайды. Шын мәнінде бұл қоғамның, бәріміздің ортақ проблемамыз. Келешекте балтамыз тасқа тиеді", - дейді Айбын Өтегенов.
Қазақстанда ең көп ажырасатын ерлі-зайыптылар небәрі 1-4 жыл бірге өмір сүргендер.
Одан кейін көп ажырасатындар некеде 5-9 жыл тұрғандар.