Вагондардың талапқа сәйкессіздігі үшін тасымалдаушыларға 10 млн теңге айыппұл салынды

© Photo : пресс-служба АО "Казахстан темир жолы" Локомотив
Локомотив - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.07.2024
Жазылу
АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жүретін жолаушылар пойыздарында міндеттемелерді бұзу бойынша 284 факті анықталды, деп хабарлады көлік министрлігі.
Ведомствоның теміржолдар және су көлігі комитеті әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қатынайтын жолаушылар пойыздарын тексеру жүргізген. Нәтижесінде, Астана-Алматы, Қызылорда-Петропавл, Астана-Шымкент, Қызылорда-Павлодар, Қызылорда-Көкшетау, Алматы-Жезқазған, Алматы-Саратов және тағы басқа 20-дан астам жолаушылар пойызын тасымалдау қағидалары нормаларының сәйкестігіне тексерді.
"Тексеріс барысында 284 келісім міндеттемелерін бұзу анықталды. Оның ішінде жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаға сай келмеуі, вагондарда желдеткіштердің болмауы және ерекше қажеттілігі бар жандарға жағдай жасамау, санитарлық-техникалық жағдайдың сақталмауы және басқа да фактілері тіркелді. Салынған айыппұлдың жалпы құны 10 млн теңгеден асты", - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық тасымалдаушыға да, жеке тасымалдаушыларға да айыппұл салынды. Тасымалдаушыларға 10 күн ішінде анықталған келісім міндеттемелерін бұзу фактілерін жою және оларды одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Айта кетейік, елімізде 110 тұрақты әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша пойыздар қатынайды. Жаздың соңына дейін комитет қызметкерлері қалған жолаушылар пойыздарын кестеге сәйкес тексереді деп жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0