Алаяқтық үшін сотталған ауыл тұрғыны ақталды

© Sputnik / Айсулу ЖумагуловаСуд по делу экс-главы "Казводхоз" Омирбека Жампозова
Суд по делу экс-главы Казводхоз Омирбека Жампозова - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.07.2024
Жазылу
Ресми мәліметке сәйкес, биыл жарты жылдың ішінде бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша 4 адам ақталды
АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Жоғарғы сотта бас прокурордың наразылығымен алаяқтық үшін сотталған ауыл тұрғыны ақталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Қостанай облысында алаяқтық үшін Кенжеғарин деген азаматтың бір жылға бас бостандығы шектелді. Алтынсарин аудандық сотының апелляциялық алқасы да үкімді өзгеріссіз қалдырған. Бірақ Кенжеғарин Жоғарғы сотқа дейін барған.
Сот материалдарына сәйкес, Кенжеғарин аудандық заңдастыру комиссиясына құжаттарын тапсырып, Малая Чураковка ауылында орналасқан пәтерді заңдастырып алған. Артынан заңдастыру туралы шешім заңсыз деп танылған. Өйткені Кенжеғарин комиссияға пәтерді сатып алу туралы жалған ақпарат берген. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс те қозғалды.
Сотта куәгерлер Кенжеғариннің пәтерді 1997 жылы бұрынғы иесінен 100 мың теңгеге сатып алғанан растады. Бірақ ақшаны қолхатсыз берген. Сатушыда пәтердің өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттары да болмаған. Өйткені ол да оны бұрынғы меншік иесімен ауызша келісім негізінде сатып алған.
"Мұндай жағдайда Кенжеғарин азаматтық сотқа шағымдану арқылы мәмілені орындалды деп тану арқылы пәтер иесімен мәселені шешуі керек еді. Осылайша, Кенжеғариннің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ, өйткені оның алаяқтық ниеті болмаған", - дейді прокурорлар.
Жоғарғы сот бас прокурордың наразылығымен келісті. Кенжеғарин мен пәтер сатушысы арасында мәселе азаматтық-құқықтық қатынастар аясында шешілуі керек. Ал қылмыстық қудалауға негіз жоқ. Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша Жоғарғы сот Кенжеғаринді ақтады.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл жарты жылдың ішінде бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша 4 адам ақталды. Сондай-ақ жазаны жеңілдету, әрекеттерді қайта саралау, түзеу мекемесінің режимін жеңілдету арқылы 82 адамның жағдайы жақсарды.
Жаңалықтар
0