Қазақстанда куәгерлер қалай қорғалады

Заседание мажилиса парламента Казахстана
Заседание мажилиса парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.07.2024
Жазылу
АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Бүгінде кез келген мемлекетте қылмыстық істер бойынша куәгерлерді қорғайтын заңнама бар. Қазақстан да ондай заңды бекітіп қойған. Оған сәйкес, кәугерлерді қорғау үшін күзет қана емес, аты-жөнін, тіпті, бет-әлпетін ауыстыру шаралары да қараастырылған. Sputnik Қазақстан куәгерлерді қорғауға арналған заңның негізгі нормаларын ұсынады.

Куәгерлерді кім қорғайды

Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңға сәйкес, қылмыстық процеске қатысушы адамдарға, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері төнген жағдайда мемлекеттік қорғау шаралары қолданылады.
Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін бірнеше орган қамтамасыз ете алады. Олар:
ұлттық қауіпсіздік комитет,
ішкі істер органдары;
әскери басқару органдары;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет;
экономикалық тергеу қызметі;
Ал мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін бірінші басшылар айқындайды. Бірақ бас прокурормен де келісіп алады.

Мемлекет кімді қорғайды

Заң бойынша куәгерлерден бөлек қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдар қорғауға алынуы мүмкін. Олардың ішінде қорғаушылар, сарапшылар, жәбірленушілер, прокурорлар, судьялар, аудармашылар, тіпті, айыпталушылар мен сотталғандар да бар. Жалпы, қылмыстың алдын алуға немесе оны ашуға ықпал ететін адамдардың бәрі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі.
Мәселен, Астанада экс-министрдің Бишімбаевтың ісін қарау кезінде судья Айжан Көлбаева қорғауға алынған болатын. Себебі біреулер оған белгісіз нөмірден қоңырау шалып, хабарламалар арқылы қорқытқан. Полиция сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау бабымен қылмыстық іс қозғады. Ал судьяға күзет берілді.

Қауіпсіздік туралы шешім қалай қабылданады

"Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде мемлекеттік қорғау шараларын қабылдауға міндетті", - делінген заңда.
Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізетін органмен қатар, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қабылдайды. Ол үшін өтініш беруі керек. Оған қатысты шешім 24 сағаттың ішінде қабылдануы шарт. Шешім шығарылған бойда қаулының көшірмесі өтініш берушіге жолданады.

Жақындауға тыйым салынады

Қорғауға алынған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға жақындауға тыйым салынуы мүмкін. Ол үшін қатер төндіретін адамға ескерту жасалады және қылмыстық жауапкершілікпен танысқаны туралы қолхат алынады.
Бұдан бөлек, қорғалатын адам туралы мәлiметтерді барынша шектеуге болады. Мәселен, қылмыстық іс материалдарынан оның шын аты-жөнін алып тастап, бүркеншік атпен көрсетуі мүмкін.

Жабық сот процесі

Судья қорғауға алынған адамдардың қауіпсіздігі үшін жабық сот процесін өткізуге шешім қабылдай алады. Ал куәгерден жауап алуды оны сыртынан да, дауысынан да танымайтындай ұйымдастыруға рұқсат бар.
Сотта куәгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету масқатында олардың видео мен аудио таспаға түсіруге тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ, судья кейбір адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiбере алады.

Қауіпсіздік шаралары

Заң бойынша қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулысының негізінде бір мезгілде бір немесе бірнеше қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін. Олар:
жеке күзет, тұрғынжайын және өзге де мүлкiн күзету;
жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету;
қауiпсiз орынға уақытша орналастыру;
қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету;
басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу;
құжаттарды ауыстыру;
сырт пішінін өзгерту;
Басқа тұрғылықты жерге көшіру, құжаттарды ауыстыру және сырт пішінін өзгерту қауіпсіздіктің айрықша шаралары болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігін басқа қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз ету мүмкін болмайтын жағдайларда қолданылады.

Қару-жарақ беріледі

Қорғалатын адамдардың өтінішімен үйде күзет сигнализациясы немесе басқа да бейнебақылау құралдары орнатуға болады. Телефон нөмірін, тіпті көліктің тіркеу нөмірін ауыстыруға рұқсат бар.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар жеке қорғаныс құралдарын бере алады. Соның ішінде қару-жарақ та бар.
Ал қауіпсіз орынға уақытша орналастыру кәмелеттiк жасқа толған қорғалатын адамдар - олардың келiсiмiмен, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдердiң келiсiмiмен жүзеге асырылады.
Заң бойынша қорғалатын адамдарға басқа деректер көрсетілген жеке құжаттар беруге болады.

Қорғалатын адамдардың құқықтары

өздерiне, өздерінің отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы бiлу;
қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдарға нақты қауiпсiздiк шараларын өздерiне қатысты қолдану немесе қолданбау не олардың күшін толық жою туралы өтiнішхат беру;
қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағым жасау;
қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану не олардың күшін жою туралы өтінішпен жүгіну.
Қорғалатын адамдардың міндеттері:
өздерiне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның заңды талаптарын орындауға;
өздерiне қатысты қатер төнген әрбір жағдай немесе құқыққа қарсы әрекеттердiң фактілері туралы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін органға дереу хабар беруге;
қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өздерiне берiлген мүлiктi күтіп-ұстауға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе қасақана бүлдірген жағдайда жауапты болуға;
өздерiне қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария етпеуге;
қажет болған кезде жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, техникалық құралдарды және қаруды пайдалануды оқып-үйренуге;
Мемлекеттік қорғау шаралары бюджет есебінен атқарылады.
Жаңалықтар
0