Өзбекстан Қазақстанға 4 млрд текше метр су жіберді

CC BY-SA 4.0 / Wikipedia/Panpanchik / Канал "Достык"
Канал Достык - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.07.2024
Жазылу
АСТАНА, 23 шілде - Sputnik. Өзбекстан Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 1 сәуірден бастап 3,9 миллиард текше метр су жіберді, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
Министр Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су жіберу туралы уәделескен.
"Өзбек тарапы аталған су көлемін 4 айда жіберді. Суару кезеңінің соңына дейін Өзбекстан Қазақстанға тағы миллиард текше метр су жібереді деп күтілуде", - делінген хабарламада.
Министрлік елдің оңтүстік аймақтарындағы фермерлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін бар жағдайды жасайды.
"Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы 2,6 миллиард текше метрге толы, бұл бір жыл бұрынғыдан 689 миллион текше метрге артық", - деп мәлімдеді ведомство.
Шардара су қоймасына барлығы 3,9 миллиард текше метр су келіп, одан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 3,6 миллиард текше метр су жіберілді. Айтпақшы,
бұл бір жыл бұрынғыдан 950 миллион текше метрге артық. Бұл ретте Қызылқұм каналына 700 миллион текше метрден астам су, ал 400 миллион текше метрден астамы Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.
"Көршілермен келіссөздер жүргізудің және Тоқтоғұл су қоймасы мен Бахри-Точик су қоймасының жұмыс кестесін келісудің арқасында "Достық" ("Дружба") каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келеді", - деді ведомство өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Қазір канал арқылы республикаға секундына 90 текше метр су түседі. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті, деп қосты ол.
Жаңалықтар
0