Су құбырларын салу бойынша 28 жоба іске асырылып жатыр

© Sputnik / Ксения ВоронинаАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.07.2024
Жазылу
Жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын су құбырларын салу және реконструкциялау жоспарланған
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігі су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыруды бастады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Нәтижесінде 1,1 млн адам тұратын 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады.
"Жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын су құбырларын салу және реконструкциялау жоспарланған. Сондай-ақ 10 өңірдегі 96 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған министрліктің 2024 жылғы I жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы қамтылған шолу материалда.
2024 жылы үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында жаңа 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шара қарастырылған.
Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3,5 мың шақырым суару желісін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында 2,6 мың шақырым суару каналдарын автоматтандыру жоспарланған. 17 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Бірінші жартыжылдықта Қазақстан үкіметі Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулыны бекітті.
"ҒЗИ экологиялық проблемаларды, су деңгейінің төмендеуін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий акваториясын мен жағалауын зерттейді", - делінген хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрлігі және "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясымен ынтымақтастығы нәтижесінде Су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрыламақ. Ол елдегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды, су ресурстарын соңғы тұтынушыға дейін бөлу мен пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
0