Жеті облыста шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды

© Sputnik / Виталий Тимкив / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.07.2024
Жазылу
Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда
АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Қазақстанның 7 облысында шегірткеге қарсы жерді өңдеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен орталық жедел штабтың отырысында белгілі болды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Ақтөбе мен Қостанай облыстарында бір аптадан астам толассыз жауған жаңбыр мен қатты жел жерді мониторингтеу және химиялық өңдеуге толық мүмкіндік бермей отыр. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығы шегірткелердің өсуі мен дамуын тежейді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 17 шілдеде барлық қорғаныс шарасы қайта басталады. Өңiрлерге 350 мың га алаңды өңдеу үшін пестицидтердің қосымша көлемі жеткізілді.
"Қазақстан бойынша мониторингтік тексерулер барлығы 15,1 млн га аумақты қамтыды (жоспардың 88,4%), химиялық өңдеулер 2,4 млн га аумақта жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Түркістан облыстарында шегірткенің үйіріне қарсы қорғаныс іс-шаралары толығымен аяқталды.
Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда.
Отырыс соңында вице-премьер шегіртке таралып жатқан аумақтарды анықтау үшін мониторингтік зерттеулерді жалғастыруды тапсырды.
Апта соңында Серік Жұманғарин Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына барып, өңірдегі өңдеу жұмыстарының барысы мен сапасын жеке өзі тексеруді жоспарлап отыр.
Жаңалықтар
0