Жұбайының келісімінсіз банктер кредит бермейді – ережелер әзірленді
12:26 11.07.2024 (жаңартылды: 12:31 11.07.2024)
Жазылу
Несие сомасы 3,7 млн теңгеден асатын болса ерлі-зайыптының екеуінің де келісімі қажет
АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредит беруге жұбайының келісімін алу қағидаттары мен келісім қажет болатын микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту қаулысын әзірледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаулының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
Оған сәйкес, микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2024 жылда – 3 692 000 теңге) мөлшерінде бекітіледі.
Ал жұбайының келісімін қағаз жүзінде немесе электронды форматта рәсімдеуге болады.
қағазда ресімделетін келісімге клиенттің жұбайы (зайыбы) немесе оның нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адамы қол қояды;
электрондық түрде ресімделетін келісім кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымы не клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі;
Электрондық түрде ресімделетін келісімге клиенттің жұбайы 48 сағаттың ішінде қол қоюы қажет.
Келісімде көрсетілетін мәліметтер:
клиент және оның жұбайы (зайыбы) туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;
кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі;
Келісім әрбір кредитке беріледі және клиент банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді толығымен орындағанға дейін жарамды болып есептеледі.
Қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.