Бүгін докторантура емтиханына құжат қабылдау басталды

CC0 / Free-Photos / Подпись, бумаги, ручка, иллюстративное фото
Подпись, бумаги, ручка, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2024
Жазылу
Құжат қабылдау 3 тамызға дейін жүргізіледі
АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. 2024 жылғы докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды.
Ол testcenter.kz сайтында 11 шілдеден бастап 3 тамызға дейін жүргізіледі.
Өтініш беру кезінде тек тестілеу орнын (қаласын) таңдай аласыздар.
Ал тест тапсыру күні, уақыты және орны (мекенжайы) туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинеттің "Менің іс-әрекетім" бөлімінде ұсынылады.
Айта кетейік, өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 3 тамызға дейін білім беру бағдарламаларының тобына, тест тапсыру тілі мен орнына (қаласына) өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріледі.
Емтиханға қатысу құны — 21 072 теңге.
TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар докторантураға түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді (қосымша тестілеу) тапсырады.
Қосымша тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат 5 тамызда талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Қосымша тестілеуге қатысу құны — 14 162 теңге.
Түсушілер міндетті түрде ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсынуы керек.
2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейі B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.
Докторантураға "магистр" дәрежесі және кемінде 9 (тоғыз) ай еңбек өтілі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқу бітірген адамдар қабылданады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл — 75 балл.
2024 жылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы аясында докторантураға түсуге мүмкіндігі бар.
Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді.
Сондай-ақ бейіні бойынша докторлар бағдарламасына түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды.
Ең жоғары көрсеткіш — 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге — 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) — 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары — 50 балл.
Шекті балл — кемінде 50.
Жаңалықтар
0