Бектенов Алматыны сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді

© Үкіметтің баспасөз қызметіБектенов Алматыны сумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді
Бектенов Алматыны сумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді  - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2024
Жазылу
Үкімет басшысы Алматыны сумен қамтамасыз ететін резервтік жүйе салу барысын тексерді
АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Алматыға барды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Ол мемлекет басшысының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және индустриялық негізді нығайту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қадағалау мақсатында барды.
Сорғы стансасының аумағында үкімет басшысы мегаполистің жоғарғы аудандарын сумен қамтамасыз етудің резервтік жүйесін салу жұмысының қарқынын тексерді. Жобаның маңызы жерүсті суларына тәуелділікке байланысты.
Бұған дейін 2023 жылғы 18 тамызда Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте селдің көбеюі және өзен суы лайлануының артуына байланысты президент қаланың жоғарғы бөлігіне ауыз су беруді шектемеу үшін аталған мәселені шешуге тапсырма берген болатын. Мәселен, Алматы 6 негізгі көзден: Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендерінен және Алматы мен Талғар кен орындарының жерасты су жинағышы арқылы сумен қамтамасыз етіледі.
Қала тұрғындарын сумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Талғар жерасты су жинағышынан тәулігіне 17 мың текше метр көлемінде қолданыстағы желілерді қосымша толықтыруға жағдай жасалды. Жоба қуаттылығы 15 мың текше метр болатын жаңа 6 ұңғыма салуды және қуаттылықты 60%-ға арттыра отырып, 6 сорғы стансасындағы 14 сорғыны толық ауыстыруды көздейді.
Сонымен қатар премьер-министрге Алматы қаласының барлық тұрғынын орталықтандырылған сумен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы баяндалды.
Өткен жылы 117 шақырым су құбыры салынып, 46 шақырымы жаңғыртылды, бұл Алматы тұрғындарының 99,3%-ын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының тұрғындарын сумен қамту мәселесін шешу үшін 4 су жинағыш құрылысы мен жобасы жүргізілуде.
Биыл 142 шақырым инженерлік коммуникация салу және 48 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Қабылданған шаралар жыл соңына дейін тұрғындардың 99,6%-ын орталық сумен қамтуға және желілердің тозу деңгейін 53,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы халықтың ауыз суға қол жеткізуінің маңыздылығын атап өтіп, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

"Сумен қамту – стратегиялық мәселе. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің жұмыс істеуі – әкімдіктің басты міндеті. Өткен жазда мәселе бар екені байқалды. Сондықтан барлық басталған жобаларды аяқтау маңызды. Әкімдік әзірлеп жатқан Алматы қаласын сумен жабдықтау схемасында тұрғындарды сумен түрлі баламалы көздерден қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі тиіс", — деп атап өтті Бектенов.

Жаңалықтар
0