Жыл басынан бері жүзден астам бала терезеден құлады
© Sputnik / Владислав Воднев Ребенок у окна, архивное фото
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Қазақстанда жыл сайын күн жылынғанда және жазғы демалыс кезінде балалардың терезеден құлауы жиілеп кетеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Терезеден құлаған балалар ауыр жарақат алып жатады. Мүгедек немесе қайтыс болатындар да аз емес.
"2024 жылдың басынан бері 112 шұғыл әрекет ету қызметі кезекшісінің пультіне тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлағаны туралы 102 хабарлама келіп түсті. Осылайша жеті адам қайтыс болды, қалған 95-і әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды", - дейді құтқарушылар.
Оқыс оқиғалар Астана (18), Алматы (2), Шымкент (5) қалаларында, Қарағанды (12), Батыс Қазақстан (6), Шығыс Қазақстан (3), Қызылорда (13), Атырау (5), Жамбыл (2), Қостанай (6), Ақмола (5), Ақтөбе (2), Павлодар (6), Солтүстік Қазақстан (1), Маңғыстау (5), Абай (5), Ұлытау (5), Жетісу (1) облыстарында тіркелген.
Былтыр дәл осы уақытта 170 оқыс оқиға тіркелді. Барлық жағдайда балалар терезеге өздігінен шығып, тіреуіш ретінде әртүрлі жиһаздарды қолданған немесе москит торына сүйеніп, онымен бірге терезеден құлап кеткен.
Әрбір ата-ана баланың терезеден немесе балконнан құлап кету қаупін азайту шараларын білуі керек:
Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз. Өйткені назарыңызды бір секундқа басқа жаққа аударудың өзі баланың өміріндегі соңғы сәт болуы немесе оның біржола мүгедек болып қалуы үшін жеткілікті;
Терезені тиісті қорғаумен жабдықталмаған москит торларын пайдаланбаңыз - балалар мұндай торларға сүйеніп, салдарынан олармен бірге құлайды;
Балалар өздігінен терезені аша алмайтындай етіп, қауіпсіздік құлыптарын орнатыңыз;
Баланы қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнауға жол бермеңіз;
Балалар терезенің алдына шығып алмау үшін жиһаздарды оның жанына қоймаңыз.