Тоқаев бауырлас елдердің спортшыларын көшпенділер ойындарына шақырды
15:06 06.07.2024 (жаңартылды: 15:25 06.07.2024)
© Photo : Пресс-служба акима Алматы Фестиваль "Ұлы дала – көшпенділер әлемі"
© Photo : Пресс-служба акима Алматы
Жазылу
Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді
АСТАНА, 6 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитінде бауырлас елдердің спортшыларын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды, деп хабарлады Ақорда.
Бейресми саммит Әзербайжанның Шуша қаласында өтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ТМҰ-дың қызметі барынша тиімді болғанын қалайды.
"Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте, "TURKTIME! " ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін еске салды.
"Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын", - деп толықтырды президент.
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті "Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру" тақырыбында өтіп жатыр.
Осы орайда Тоқаев саммит тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін ерекше атап өтті. Сондай-ақ аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды.
"Түркі ұйымы елдерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттермен сауда және тасымал көлемін арттыру қажет. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен", - деп атап өтті Қазақстан басшысы.
Тоқаев тасымалдың уақытын азайту үшін "Digital Trade Corridor" мультимодалды цифрлық платформасының құрылғанын да еске салды. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейіп, 3 миллион тоннаға жуықтады. Ал Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымалдау көлемін 300 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді.