Қазақстанда хиджаб пен никабқа тыйым салу мәселесі қаралады: көрші елдердің тәжірибесі

Абайя
Абайя - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.06.2024
Жазылу
АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Қазақстанда діни киімді қоғамдық жерлерде кию мәселесі кеңінен қаралады. Бүгінде мәжіліс депутаттары арнайы заң жобасын да әзірледі. Осы құжатты парламенттің келесі сессиясында, яғни, күзде талқылау жоспарланып отыр. Заңның аясында хиджаб, никаб және тағы басқа діни киімдерді кию тәртібі реттеледі. Sputnik Қазақстан осы мәселеге қатысты көрші елдердің тәжірибесін зерделеп шықты.

Хиджаб пен никабтың айырмашылығы

Хиджаб "жамылғы" деген мағынаны білдіреді. Бірақ онымен бет-ауызды түгел тұмшалап қоймайды. Әйелдің беті ашық, ал шашы мен мойны жабық болады. Никаб бас киімнің бір түрі, адамның басын, бетін және иығын толығымен жауып тұрады. Екі көзі ғана көрінетін ашық жері бар. Ал пәренже адамның бүкіл денесін жауып тұратын халат-жамылғы іспетті, көз де көрінбейді. Ол жерге жұқа жіптен тор жасап қояды.
Бұдан бөлек, шадра, шейла, химар сияқты жамылғылар болады. Бұның барлығы - араб пен парсының дәстүрлі киімдері. Ондай киімдер көбінесе күңгірт түсті матадан тігіледі.

Хиджаб пен сақалға тыйым салған

Өзбекстанда 2016 жылға дейін ислам атрибуттарымен қатаң күрес жүргізілді. Халық арасында радикалды көзқарас тарап кетеді деген қауіп болған. Сол кезде хиджабпен далаға шыққан әйелдермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ал ер адамдарды ішкі істер органдарының учаскесіне апарып, сақалын қырып тастауға мәжбүрлеген.
Мирзиёев билікке келгеннен кейін діни киімдерге қатысты талаптар жеңілдетілді. Хиджабпен қоғамдық жерлерде жүруге қатысты шектеуді алып тастады. Дегенмен мемлекеттік органдарда бұл мәселе ішкі ережемен реттеледі. Мектепке хиджабпен келуге қатаң тыйым салынған. Оның орнына ашық түсті орамал тағуға болады. Бірақ оны артынан байлау керек. Жоғары орнының студенттерін де солай киінуге мәжбүрлеп жатады. Ал "сақалға қарсы шаралар" әлі де ара-тұра өткізіліп тұрады.

Паранжа киюге болмайды

Былтыр қараша айында Өзбекстан президенті қоғамдық жерлерде паранжа киюге тыйым салды. Шавкат Мирзиёев арнайы заңға да қол қойды. Оған сәйкес, адамның бет-әлпетін жауып тұратын және оны кім екенін тануға мүмкіндік бермейтін киім үшін айыппұл салынады. Оның көлемі – 10-15 базалық есептік мөлшер (126 000 – 189 000 теңге);
Заң бойынша адамның бетін жауып тұратын бас киімдерді үш жағдайда киюге болады.
Олар:
медициналық мақсатта;
мәдени-спорттық шараларда;
қызмет бабында.
Өзбекстан билігі бұл шараны қоғамдық тәртіпті сақтау үшін енгізген. Әйтпесе, "Қауіпсіз қала" ақпараттық жүйеде пәренже киген адамның бет-әлпеті көрінбей жатады.
Ал Өзбекстанның "Ар-ұждан еркіндігі және діни ұйымдар туралы" заңның жаңа редакциясында: "Діни мекемелерде жұмыс істейтіндерді қоспағанда, Өзбекстан азаматтарына қоғамдық орындарда "культті насихаттайтын" киім киюге тыйым салынады", - деп жазылған.

Никаб киген жігіт қамауға алынды

Жақында Ташкенттің тәртіп сақшылары базарда никаб киген қала тұрғынын ұстады. Оның әрекеті біртүрлі болып көрінді. Сөйтсе, никаб киген әйел емес, жігіт болып шықты. 22 жастағы ер адам құқық қорғау органдарына қарсылық көрсетуге де тырысқан. Дегенмен қашып кете алмады.
Ал сотта ұсталған жігіт бала кезінен әйелдер киіміне қызығушылық танытып, никаб киіп жүргенін мәлімдеді. Судья екі жазаны тағайындады. Никаб кигені үшін 10 базалық есептік мөлшерінде (126 000 теңге) айыппұл, ал тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткені үшін 15 тәулікке қамауға алуға үкім шығарылды.

Тәжікстан хиджабқа қалай тыйым салды

Тәжікстан ислам атрибутикасына қарсы күресте басқа жолды таңдады. Осы елдің парламенті алдымен ел азаматтарына ұлттық киім киюді міндеттеді. Меджлис депутаттары "Дәстүр мен салтты реттеу туралы" заңға тиісті өзгеріс енгізіп, 14-баптың 4-бөліміне "жеке және заңды тұлғалар ұлттық киім атрибуттарын сақтап, мемлекеттік тілді білуге және ұлттық киім киіп жүруге міндетті" деген талапты бекітті.
Ал Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон хиджаб пен сатрды ұлттық дәстүр мен құндылықтарға жат деп жариялаған. Күні кеше осы елде хиджаб пен никабқа ресми түрде тыйым салынды. Рахмон тиісті заңға қол қойды. Бұл құжат "ұлттық мәдениеттің төл құндылықтарын қорғау, ырымшылдық пен фанатизмнің алдын алу мақсатында" бекітілген.
Бұдан былай тәжік мәдениетіне "жат" киімдерді әкелуге және сатуға да тыйым салынады. Бірақ заңда ондай киімдердің сипаттамасы және айыппұлдың мөлшері көрсетілмеген.

Мүфтият қарсы шықты

Қырғызстан пәренжемен бірге ұзын сақалға да заңды түрде тыйым салуға ниетті. Осы орайда көрші мемлекет Өзбекстанның тәжірибесіне сүйеніп, қоғамдық қауіпсіздік пен адамның бет-әлпетін тану қажеттігіне басымдық беріп отыр. Депутаттар заң жобасын әзірлеп қойды. Былтыр оны қоғамдық талқылауға шығарды.
Заң жобасына сәйкес, қоғамдық жерлерде адамның бетін жабатын киіммен және ұзын сақалмен жүруге болмайды. Айыппұлдар:
20 айлық көрсеткіш (шамамен 20 еуро) немесе 30 сағаттық қоғамдық жұмыстар;
тәртіп бұзушылық бір жылда қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге өседі, ал қоғамдық жұмыстардың уақыты 40 сағатқа дейін артады;
Заң жобасында жауапқа тартылмайтын адамдардың тізімі де көрсетілген. Олар:
уақытша келетін шетелдік азаматтар;
дипломатиялық мәртебесі бар адамдар;
бетті медициналық мақсатта жабатындар;
Заң әлі қабылданған жоқ. Алайда Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы биліктің бастамасына қарсылық білдірді. Мүфтият пәрәнже кию әрбір әйелдің қалауы, ал сақал қою міндет емес, сүннет екенін еске салды.

Ұлттық киім кию – міндет

Түрікменстанда діни киімдерге қатысты шектеулер бұрыннан бері бар. Сапармұрат Ниязовтың кезінде пәренже былай тұрсын, кез келген діни орамалдарға тайым салынды. Бір қызығы, ондай шектеулерге қатысты заңды табу қиын. Оны "жоғарыдан түскен бұйрық" ретінде орындайды.
Бүгінде түрікмен әйелдері дәстүрлі киім-кешек киюге міндетті. Мәселен, "балат" деген ұлттық киім бар. Бұл – ұзын көйлек. Ал астында шалбары болады. Түрікменстанда ұлттық киімді қолдан тігеді. Сол себепті бағасы арзан емес.
Айта кетері, түркі елдерінің ішінде Түркия бірінші болып 1925 жылы хиджаб, пәрәнже мен никаб киюге тыйым салған. Содан бері тек хиджабқа қатысты шектеу өзгеріп тұрды, бірде рұқсат берілді, бірде тыйым салынды. Қазір Түркияда хиджаб киюге болады, жастар онымен мемлекеттік оқу орындарына да кіре алады.
Жаңалықтар
0