Еңбек министрлігі бес айда келген қандастардың санын атады
© Photo : Акимат Мангистауской областиМаңғыстау облысына Иран Ислам Республикасынан қандастар келді
© Photo : Акимат Мангистауской области
Жазылу
2023 жылдан бастап "бір терезе" қағидасы бойынша Қазақстан елшіліктері арқылы қандас мәртебесін беру механизмі енгізілді
АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. 2024 жылдың басынан бері 7,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"2024 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 7 353 этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Жалпы 1991 жылдан бері барлығы 1 миллион 135,7 мың этникалық қазақ елге оралды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік этникалық қазақтардың республикаға оралуына қатысты бірнеше дерек ұсынды.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың
49,4%-ы Қытайдан,
6,3%-ы – Түрікменстаннан,
5,4%-ы - Моңғолиядан,
34,4%-ы - Өзбекстаннан,
3,2%-ы - Ресейден,
1,3%-ы басқа елдерден келген.
Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша еңбекке қабілетті жастағы қандастардың саны 59,1%-ды, кәмелетке толмағандар 31,2%-ды және зейнеткерлер 9,7%-ды құрайды.
"Білім деңгейі бойынша еңбекке жарамды қандастардың 16,9%-ы жоғары, 22,6%-ы орта арнаулы, 55,3%-ы жалпы орта білімі бар, 5,2%-ының білімі жоқ", - делінген хабарламада.
Қандастарды қоныстандыру үшін жұмыс күші тапшы аймақтар анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары, деп хабарлады министрлік.
"2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныс аударатын аймақтарға қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды", - делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастар субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілген:
1.
қоныс аударғаны үшін – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы;2.
тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін – ай сайын бір жыл бойы 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (55,3-тен 110,7 мың теңгеге дейін)."Жыл басынан бері 1405 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді, соның ішінде 419 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды", - деп толықтырды Еңбек министрлігі.
Ведомстводағылар басқа да қолдау шаралары ретінде тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін тегін және қайтарымсыз негізде бір мезгілде тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейінгі көлемде экономикалық мобильділік сертификаты енгізілгенін хабарлады.
2023 жылдан бастап "бір терезе" қағидасы бойынша пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы қандас мәртебесін беру механизмі енгізілді , деп хабарлады ведомство. Бүгінгі таңда жаңа форматта этникалық қазақтардан 9 569 өтініш қабылданған.