Ресейде қазақ тілінде оқытатын 3 мектеп салынады

© Sputnik/Ертай СарбасовАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 14 маусым – Sputnik. Қазақстанда орыс мектептерін, Ресейде қазақ тілді мектептерді ашу мәселесі Астанада өткен отырыста талқыланды.
Астанада мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі мен Ресей Федерациясы федералдық жиналысы мемлекеттік думасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссиясының отырысы өтті.
Отырыс алдында мәжіліс төрағасы Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары, Ресей тарапынан комиссияның тең төрағасы Александр Жуковты қабылдады.
Кездесу кезінде Қазақстан көрші елде қазақ тілінде оқытатын 3 мектеп салуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев Қазақстанның оңтүстігінде 3 орыс мектебі салынатынын айтқан еді.
Палата спикері Ресей Қазақстанның сенімді одақтасы және стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
"Жыл өткен сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Бұған көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттер басшылары әріптестікті дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Қазақстанда халықтарымыздың санғасырлық достығы ерекше бағаланады", – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік жылдарында достық пен сенімді нығайтуға бағытталған берік шарттық база қалыптасқанын атап өтті.
Сондай-ақ елдерімізді әлемдегі ең ұзын шекара байланыстыратынын айтып, былтыр өзара сауда көлемі айтарлықтай өскеніне, тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі екеніне назар аударды. Оған екі елден мыңдаған компания мен миллиондаған адам тартылған.
Жаңалықтар
0