Бектенов: Медицина мекемелерінде білікті мамандарға жағдай жасау керек

© Photo : Үкіметтің баспасөз қызметіОлжас Бектенов денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмысын тексерді
Олжас Бектенов денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмысын тексерді - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2024
Жазылу
"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 655 нысан салынады
АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Шайқорық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барып, Айша бибі ауылындағы Super-Рharm медициналық бұйымдар зауытының қызметімен танысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияда зертхана, УДЗ, ЭКГ және басқа да құрылғылар бар, тар бейінді мамандарға қаралып, кеңесін алуға болады.
Сондай-ақ шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін амбулаторияға жылжымалы медициналық кешен берілді.
"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша барлығы 655 нысан салынады.
"Ауруханалар мен емханалар барлық заманауи сапа мен жайлылық стандарттарына сай болуы керек. Бұл жағдайда тек инфрақұрылымның болуы жеткіліксіз. Кадрлық әлеуетті үнемі арттырып отыру қажет. Сондықтан әкімдік жаңа медицина мекемелерін іске қоспас бұрын, техникалық жарақтандырумен қатар, білікті мамандарды тартуға назар аударып, оларға тиісті жағдай жасауы керек", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова 2022 жылдан бастап өңірге 234 жас маман келгенін, жақын арада 2,5 мың дәрігер біліктілігін арттыру үшін оқудан өтетінін жеткізді.
Жамбыл облысында фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда бір реттік медициналық бұйымдар, инфузиялық ерітінділерді, қан және қан алмастырғыштарды құюға арналған системалар, биологиялық сұйықтықтарды жинауға арналған контейнерлер және т. б. өндіріледі.
Super-Pharm зауыты отандық медициналық мекемелерді жылына 300 млн бірлік көлемінде бір реттік инъекциялық шприцтермен, тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдармен, лейкопластырьлармен, спиртті майлықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Мұнда шикізаттан бастап дайын өнімге дейін технологиялық процестің толық циклі бар.
"Отандық өнеркәсіп сапалы дәрі-дәрмектер мен жоғары бәсекеге қабілетті медициналық бұйымдар шығарып, тұрғындар арасындағы қажеттілікті ескере отырып, өндірілетін өнім қорын жаңартуға тиіс", — деді премьер-министр.
Жаңалықтар
0