Астанада бір бөлмелі пәтерді жөндеуге қанша ақша керек

© Sputnik /Камшат АбдирайымРемонт "однушки"
Ремонт однушки - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.06.2024
Жазылу
Жуынатын бөлменің өзіне жұмысымен бірге 800 мың теңге кетіп қалды, дейді елорда тұрғыны
АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Астанада жыл сайын мыңдаған баспана салынады. Олардың көбісі қара сылақпен пайдалануға беріледі. Сондықтан пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болады. Біреулер құрылыс компаниясының қызметіне жүгінсе, енді біреулер бәрін өз күшімен істейді, яғни әрбір жұмысқа маман жалдайды, я болмаса, арнайы бригадаларға тапсырады. Sputnik Қазақстан тілшісі елордада бір бөлмелі пәтерді жөндеуге қанша ақша кететінін білді.

Бригаданың қызметі қымбат болып шықты

Астаналық Қайырбек Жұматаев биыл жаңа үйден пәтер сатып алды. Бір апта бұрын жөндеу жұмыстарын бастады.
"Басында барлық жұмысты бригадаға тапсырғым келді. Олар бір шаршы метріне 25-30 мың теңге алады екен. Мен алған пәтердің ауданы - 43 шаршы метр. Сонда "под ключ" 1-1,3 миллион теңге шығады. Мен үйдегілермен ақылдасып, бригаданы алмауға шешім қабылдадым. Әрбір жұмысқа мамандарды бөлек-бөлек шақырып жүрмін", - деді Жұматаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарын жуынатын бөлмеден бастаған дұрыс. Себебі күнделікті қажеттіліктерге дәретхана да, су да қажет. Ал ваннаны ертерек дайындап қойса, кешке қарай жуынып шығуға болады.

Жуынатын бөлмеге қанша ақша кетті

Бір бөлмелі пәтердің жуынатын бөлмесі шағын, ауданы – 4 шаршы метр. Қайырбек барлық қабырғаға кафель жабыстырмаймын дейді. Су тимейтін жерлерді сулы-эмульсиялық бояумен сырлап шықпақ.
"Біз ванна жаққа кафельді толығымен жабыстырамыз, оған төрт бұрышты керамогранит алдық. Ал қалған қабырғаларға инсталляцияның бойымен жабыстырып шығамыз. Еденге бөлек кафель сатып алдық. Ал қуыста кір жуатын машина тұрады. Оны жиһазбен қаптаймыз, үстінде шкаф болады. Сондықтан артына керамогранит жабыстырудың қажеті жоқ", - дейді Астана тұрғыны.
Жуынатын бөлмеге кеткен шығындар:
пластикалық құбырлар мен фитингтер – 13 000 теңге;
инсталляция – 78 890 теңге;
аспалы унитаз – 80 000 теңге;
ванна – 108 000 теңге;
қолжуғыш (астындағы шағын шкафпен бірге) – 64 500 теңге;
гипсокартон 1 дана – 3 420 теңге;
керамогранит (қабырғаға) – 85 200 теңге;
керамогранит (еденге) – 32 256 теңге;
кафельге арналған желім (5 қап) – 12 250 теңге;
гипсті және финишті сылақ – 4 000 теңге;
гидроизоляция – 15 380 теңге;
гипсокартонға арналған профиль 5 дана – 6000 теңге;
ванна мен қолжуғышқа кран 2 дана – 50 000 теңге.
Барлығы – 552 896 теңге. Ал маманның қызметі 250 000 теңге тұрады.
"Сонда жуынатын бөлмеге жұмысымен бірге 800 мың теңге кетіп тұр. Мен сантехникаға ақшаны аяған жоқпын. Сапалы заттардың орнатылғанын қалаймын. Сонда құбырдың жарылуы, бір нәрсенің бұзылып қалуы және тағы басқа жағдайлар болмайды. Су кетсе, көршіге де барады. Ертең екі есе көп ақша шығаруға тура келеді", - дейді Жұматаев.
Осы орайда Қайырбек пәтерді бір жылға сақтандыруға кеңес беріп отыр. Көршіден су ақса, сақтандыру төлемін алуға болады. Ол ақшаны көршіні күтпей, қайта жөндеу жұмыстарына жұмсай салуға болады.

Қабырға мен еденге көп ақша кетпеді

Қайырбек алған пәтердің қабырғалары түп-түзу болып шықты. Оған гипс қоспалары көп кетпейді. Едені де түзу, оған "экопол" құймайды.
"Мен алдымен ламинат төсейтін маманды шақырып, бәрін көрсеттім. Ол еденді түзетудің қажеті жоқ деді, тек есік тұратын жерлерді тегістейтін машинкамен өтіп шығуға кеңес берді. Сосын үстінен сапалы "грунтовканы" жағамыз. Соның үстінен ламинат төсеп береді", - деп атап өтті Жұматаев.
Қабырға мен еденге кеткен шығын:
гипс қоспалары 10 қап – 26 900 теңге;
финишті сылақ 4 қап – 17 250 теңге;
грунтовка – 25 000 теңге;
ламинат – 185 700 теңге;
ламинаттың астындағы төсеніш – 15 000 теңге;
балконға керамогранит – 36 720 теңге;
сапалы бояу – 120 000 теңге.
Барлығы: 426 570 теңге.
Бұдан бөлек, қабырғаны сылайтын маман 350 000 теңге алады. Ал ламинат төсеуге 100 000 теңге кетеді.
"Қабырғаны өзім бояп шығамын. Осылайша, бір бөлмелі пәтерге 1,7 миллион теңгеге жуық ақша кетейін деп тұр. Оған 2 есіктің құнын, ұсақ-түйекке кететін шығынды да қосу керек. Есікті 50-55 мыңнан алуға болады. Сонда 2 миллионға баратын шығар", - дейді Қайырбек.
Оның ойынша, барлық жиһаз бен техникаға тағы 2 миллион теңгедей кетеді. Осылайша, жаңа үйге кіру үшін 4 миллион керек болады.
Жаңалықтар
0