Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымының көлемі 6 млрд долларға жетті – Тоқаев

© Пресс-служба президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев и Юн Сок Ёль провели переговоры в узком составе
Касым-Жомарт Токаев и Юн Сок Ёль провели переговоры в узком составе - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.06.2024
Жазылу
АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
"Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып жатыр.
"Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін", – деп толықтырды Тоқаев.
Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
"Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Көптеген кореялық компания Қазақстан экономикасына инвестиция құйып, жұмыс орындарының ашылуына және өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, кореялық инвесторлар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, бу-газ электр станциясының құрылысы сияқты ірі жобаларға қатысып, Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымын дамытуға өз үлестерін қосып келеді", – деді Корея президенті.
Ол Корея аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
"Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы", – деп түйіндеді ол.
Президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кореяның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерге қатысты ұстанымы ұқсас екенін атап өтіп, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың шешілуіне екі ел орта державалар ретінде өз үлестерін қоса алатынын мәлімдеді.
Жаңалықтар
0