Дерекқор

Арапа күні не істеу керек

© Sputnik / Санат ИмангалиевКурбан айт 2023
Курбан айт 2023 - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.06.2024
Жазылу
Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды
АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, биыл Арапа күні 15 маусымға келіп тұр. Ал 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болады. Sputnik Қазақстан зул-хижжа айының алғашқы он күнінде және Арапа күні орындалатын амаларды ұсынады.

Арапаның мағынасы

Арапа – ислам дініндегі қадір-қасиеті мол күндердің бірі. Білу, түсіну деген мағынаны білдіреді.
Бұл күннің "арапа" аталуының себебі, Зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласы Исмайылды шалып жатқанын көреді. Алғашқыда оны жай түс деп ойлайды. Алайда ертесіне, яғни, Зүл-хиджа айының 9-ы күні сол түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді "Арапа" деп атап кеткен деседі. Қарияларымыз кейде оны "Қарапа" күні деп те атайды.
Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды, таудың етегінде намаз оқиды. Меккеден Арафат тауына дейінгі аралық жол 7 сағатты құрайды. Бұл сапарға аттанған адам тауға жаяу жүріп көтерілуі шарт. Арафат тауында тұру – қажылықтың негізгі бөлігі, онсыз қажылық жасалды деп есептелмейді.

Осы күнді шын ниетпен пайдалану керек

Арафат – Аллаға жалбарынып, күнәларына тәубе ету үшін пенделердің жиналатын мекені. Сол жерде адамдар әлсіз, мұқтаж күйде Алланың алдында күнәларының кешірілуін үмітпен тілейді. Көзден жас төгіліп, тәубе етіліп, Жаратушыға шын жүректен жалбарынады. Сөйтіп Алла Тағала сол құлдарының тәубесін қабыл етіп, өмір дәптерлерінде тап-таза беттер ашылады.
Арафат тауы – Алла Тағаланың қажыларға тарту еткен жері, ал Арапа күні – Алланың барша иман келтірген құлдарына берген сыйы. Сондықтан қажылық жасауға мүмкіндігі болмаған, Арафат тауына аяқ баса алмай, қынжылған жандар осы күнді шын ниетпен пайдалануы керек.

Ораза тұту – сүннет

Арапа күні жасалған ізгі амалдардың сауабы мол.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) "Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, Арапа – Алла қадірлі еткен күн" деген екен.
Арапа күні Алладан жасаған күнә-қателіктеріміз үшін көбірек кешірім тілеп, тәубе етіп, дұға қылған дұрыс. Өсек-өтірік, ғайбат сөз, харам дүниелерден тыйылған абзал. Бұған қоса мұқтаждарға қол ұшын созып, ауру-сырқаудың көңілін сұрап, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен татуласып, өкпе-ренішті ұмыту арқылы да мол сауапқа кенелуге болады.
Зул-хижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.
Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін", – деген.
Осыдан-ақ бұл оразаның артықшылығын көруге болады. Яғни, жылына бір рет келетін Арапа күнін оразамен өткізу – Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге берілген мүмкіндік.
"Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады", - дейді Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.).

Арапа оразасының уақыты

Арапа оразасының уақытын күнделікті намаз кестесінен қарауға болады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты. Сәресін таң намазына 10 минут қалғанда аяқтаған абзал.
Ал ақшам намазының кіруімен ауыз ашу уақыты басталады. Ауыз ашқанда сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасайсыз.

Оқылатын дұға

Пайғамбарымыз: "Арапа – артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан қасиетті жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға", - деген. Сондықтан Арапа күні алақан жайып Алладан өзіңізге, отбасыңызға, ел-жұртыңызға амандық тілеп, жәрдем сұраған жөн.
Бұдан бөлек Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда барлық адам парыз намаздарынан кейін сәлем бере сала "Аллаһуммә әнтәссәлам..." дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын оқуы керек. Әйелдер дауысын шығармай, ішінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады.
Тәшриқ тәкбірі: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд".
Кейбір ғалымдар Арапа күні "Ықылас" сүресін барынша көп, тіпті мың рет оқудың артықшылығы туралы айтқан.
Жаңалықтар
0