Саясат

Иран ЕАЭО бақылаушы мәртебесін алуға қызығушылық танытты

© PhotoЕАЭО
ЕАЭО - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2024
Жазылу
Нота белгіленген тәртіп бойынша қаралады
АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Иран ЕАЭО-да бақылаушы мемлекет мәртебесін алуға мүдделі, ол осы туралы тиісті нота жолдады, деп хабарлады ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев.
"Біздің сауда әріптесіміз Иран бақылаушы мемлекет мәртебесін алуға мүдделі екенін білдірді. Біз 27 мамырда тиісті нотаны алдық. Ол белгіленген тәртіпте қаралатын болады", - деді Сағынтаев Беларусьте өткен үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша.
Сонымен қатар, алқа басшысы мынандай мәліметтерді хабарлады:
Үкімет басшыларына трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және 2023 жылы жалпы бәсекелестік ережелерін бұзудың жолын кесу шаралары туралы баяндалды. Комиссияға бизнес саласының өкілдерінен келіп түскен өтініштер құрылыс, фармацевтика, химия, азық-түлік және басқа да бірқатар салаларға қатысты.
Осы жылы "Шығыс-Батыс" және "Солтүстік-Оңтүстік" бағыттарында көлік инфрақұрылымын құру мен дамытуды қоса алғанда, Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасады.
Теміржол жүк тасымалын цифрландыру бойынша жұмыс жалғасады. Бұл ретте ЕАЭО "Достық – Брест-Солтүстік" және "Алтынкөл – Брест-Солтүстік" бағыттары бойынша электронды кедендік транзит енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды бастады. Ресей мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалдауды цифрландыру туралы келісімдер дайындықтың соңғы сатысында тұр.
ЕАЭО қабылданған шешімдердің нақты әсерін бағалау механизмін іске қосты. Бизнеске реттеу сипатындағы ықпал енді бұрынғыдай тек Комиссия шешімдерінің жобалары емес, халықаралық шарттардың жобаларымен бағаланады.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы қыркүйектің соңы – қазан айының басында өтеді.
Жаңалықтар
0