Өтінішті үйде отырып беруге болады – "Ауыл аманатына" қатысу жеңілдейді

© Sputnik / Санат ИмангалиевАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2024
Жазылу
Әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай, қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек
АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Жоба премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өткізген кеңесте таныстырылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте шалғай жатқан ауылдардан келіп, өтінім беру ыңғайсыздық тудыруда.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай, оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек.
"Өтінім беруші жүйеге электронды қолтаңба арқылы тіркеліп, бағдарламаға қатысуға қажетті мәліметтер мен құжаттарды жүктейді. Қолданушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, базаларда бар кей мәліметтер автоматты түрде енгізіледі", — деді Бағлан Бекбауов.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда өтінім бірнеше сатыда қарастырылады.
"Ауыл аманаты" арқылы несие алуға ниетті азамат жеке кабинеті арқылы құжаттар нақты қай маманның қарауында тұрғанын көре алады.
Электронды жүйені Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр.
"Ақпараттық жүйенің өзге де қажетті мәліметтер базаларымен интеграциялануын жіті қадағалау керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармау қажет", — деп атап өтті Тамара Дүйсенова..
Сондықтан, оның айтуынша, берілетін несиелер ауылдардағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуге тиіс.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріліп отырады.
Жаңалықтар
0