Буллинг және зорлық-зомбылық: Қазақстанда балалардың құқығы қалай қорғалады

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуМалыш на плечах у взрослого, архивное фото
Малыш на плечах у взрослого, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2024
Жазылу
Қазақстанның балалар омбудсмені осы саладағы негізгі проблемалар мен буллингпен күрес бағдарламасы туралы айтып берді
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Бүгінде балалар арасында өзекті мәселелердің бірі – буллинг. Биыл қыркүйек айынан бастап Қазақстанның 110 мектебінде пилоттық жоба аясында буллингке қарсы бағдарлама қолға алынады. Алайда буллингтен бөлек тағы бір маңызды проблема бар. Балаларға қатысты қылмыстардың жартысына көбі - күшпен зорлық-зомбылық көрсету. Sputnik Қазақстанға сұхбат берген балалар омбудсмені Дианара Зәкиева Қазақстанда балалардың құқықтары қалай қорғалып жатқанын, ал ең бастысы балалармен жұмыс жасағанда қандай мәселелерге ерекше мән беру керектігін айтып берді.

Сенім телефоны бар

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 7 миллион бала бар. Олардың құқықтарын қорғау саласында біраз жұмыс атқарылып жатыр. Осы орайда Динара Закиева бірнеше маңызды реформаны атап өтті.
"Президенттің бастамасымен "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы қолға алынды. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бар. Бұдан бөлек, "Қазақстан халқына" қоры 60-тан астам әлеуметтік маңызы бар жобаны бастады. Былтыр ғана аутизмі бар балаларға арналған алты ірі орталық және сегіз аймақтық оңалту орталығы ашылды. Жалпы, 35 нысан жұмыс істейді. Сондай-ақ қосымша білім беру нысандарының құрылысы жүріп жатыр", - дейді омбудсмен.
Республика бойынша бірыңғай байланыс орталығы - әйелдер мен балаларға арналған "111" сенім телефоны жұмыс істейді.
Қазақстанда балалардың құқықтары Конституцияда бекітілген. Бұдан бөлек, неке, балалар құқықтары, білім және басқа да нормативтік актілер бар. Қазақстан 30 жыл бұрын Балалар құқықтары туралы конвенцияға қосылды. Оған қоса осы саладағы 15 халықаралық құжатқа қол қойылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнан кейін қандай өзгеріс болады

16 маусымда "Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" заң күшіне енеді. Соның аясында Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінде зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіледі.
денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл, я болмаса, 200 сағатқа қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамау, 2 жылға бас бостандығын шектеу немесе тура сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
адамды ұрғаны үшін 80 АЕК (295 360 теңге) көлемінде айыппұл, 80 сағатты қоғамдық жұмыстар немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу.
Кәмелет жасқа толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал 16 жасқа толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет үшін 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл салынады, 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға салады, я болмаса, 50 тәулікке дейін қамап тастайды.
Сондай-ақ, 15 маусымнан бастап зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым өз жұмысын бастайды.
Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық аса өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Былтыр 2452 қылмыстық іс тіркелді. Соның жартысынан көбі - күшпен зорлық-зомбылық көрсету.
Бүгінде жыл сайын 6 мың ата-ана "Кәмелет жасқа толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамау" бабы бойынша жауапқа тартылады.
"Ал жаңа заң жазаны бұлтарпай қолдануды қамтамасыз етеді. Ал профилактикалық тетіктерді енгізудің арқасында зорлық-зомбылықтың алдын алуға және дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді", – дейді Динара Зәкиева.
Сондай-ақ отбасыларға көмек көрсетудің инфрақұрылымы да жасалып отыр. Енді әлеуметтік қорғау басқармалары қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек беруді ұйымдастырады. Ондай басқармалар барлық әкімдікте бар. Әрбір елді мекенде мобильді топтарды жасақтайды. Олар отбасыны қолдау орталықтары арқылы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмектеседі. Заңда "қиын өмірлік жағдайдың" анықтамасы көрсетілген. Оған сәйкес, адамның тіршілік іс-әрекетін бұзылған жағдайда және ол өздігімен оны шеше алмаса, қиын өмірлік жағдайға тап болды деп саналады.
Қазақстанның әрбір ауданында отбасыны қолдау және отбасылық жанжалдарды шешу орталықтары ашылады. Сол жерде әйелдер мен балаларға уақытша баспана да ұсынылады.
Сенім телефондары да зорлық-зомбылықпен күресудің тиімді құралына айналуы тиіс. Себебі бүгінде зорлық-зомбылыққа тап болған адамдардың 40 проценті ғана көмек сұрайды, ал полиция хабарласатындардың саны тек 10 процентті құрайды. Қазіргі кезде "111" байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Қазақстандағы кез келген ұялы операторынан қоңырау шалу тегін.
"Біз сенім телефоны туралы ақпаратты мектептерде, сондай-ақ қоғамдық жерлерде іліп қойдық. Әрбір адам ондай телефонның бар екенін білуі керек", – деп атап көрсетті омбудсмен.
Оның айтуынша, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен балаларды дер кезінде анықтау және оларға көмек беру шараларына үлкен басымдық беріліп отыр.
Бұдан бөлек, жаңа заңда балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасалса, барлық қылмыстық іс бойынша татуласуға тыйым салынады. Осылайша, қылмыскер міндетті түрде жазаға тартылады. Ал үйде жанжал шығаратын адамдармен психологтар жұмыс істейді. Оны үйден шығарып жіберу шарасы да бар.
"Жалпы, зорлық-зомбылықтың кез келген формасы бойынша жаза күшейтіліп отыр. Заңда балалардық қауіпсіздігіне қатысты 49 өзгеріс бар. Осы шаралар зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтауға, алдын алуға және тоқтатуға мүмкіндік береді", – деді Динара Зәкиева.

Балаларды буллингтен қалай қорғаймыз

Балалар арасындағы өзекті мәселелердің бірі – буллинг. Былтыр заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, "буллингтің" нақты анықтамасы және алдын алу ережелері бекітілді.
"Биыл қыркүйек айынан бастап 110 мектепте пилоттық жоба аясында ғылыми тұрғыда дәлелденген буллингке қарсы KiVa бағдарлама енгізіледі. Бұл бағдарлама әлем бойынша өз тиімділігін көрсетті", – дейді Қазақстанның балалар құқықтары жөніндегі уәкілі.
Оның айтуынша, буллингке қарсы бағдарлама 2009 жылдан бері 15 мемлекетте қолданылып келеді. Олардың ішінде Финляндия, Ұлыбритания мен Жапония бар. Бағдарламаның басты ерекшелігі сол, әрбір оқушы буллинг пен оған тән белгілерді біле бастайды. Ол үшін арнайы ойындар ұйымдастырылады. Сол кезде балалар буллер, арандатушы мен жәбірленушінің рөлін ойнайды. Сырттан бақылайтындар да болады. Негізгі мақсат – балаларды буллингтің белгілерін анықтауға және оған қарсы әрекет етуге үйрету.
"Біз балаларды бір-біріне құрметпен қарауға үйретуіміз керек. Негізгі мақсат осы", – деп атап көрсетті Зәкиева.
Бағдарлама біздің менталитетімізге де бейімделген. Соның арқасында балалар арасындағы буллинг азаяды деген болжам бар.

Балалар құқығын қорғау кезінде нені ескеру керек

Омбудсменнің айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау кезінде оларды ақпараттық тұрғыда да қорғаған жөн.
"Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желідегі авторлар кей кезде халықтың назарын аударамыз деп, ондай ақпараттың балаға және оның отбасына қалай әсер ететінін ескермей жатады. Ондай оқиғалар кеңінен талқыға салынғанда сол балаларға, олардың бауырларына, ата-анасына оңай емес. Соны ұмытпау керек", – дейді Динара Зәкиева.
Оның айтуынша, барлық көмек баланың мүддесіне сай болуы қажет. Баланың пікірі де, сезімі де ескерілуі тиіс.
Жаңалықтар
0