Кейінгі 15 жылда қант диабетімен ауыратындардың саны 45 есе өскен

© Photo : Рixabay/stevepbСахарный диабет, иллюстративное фото
Сахарный диабет, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.05.2024
Жазылу
Күн сайын осы диагнозбен 100-ге жуық науқас тіркеледі
АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Елімізде кейінгі 15 жылда қант диабетімен ауыратындардың саны 45 есе өскен, деп хабарлайды 24KZ.
Мәжіліс депутаттары осылай деп дабыл қағып, құрамында қант мөлшері жоғары сусындарға қосымша салық енгізуді ұсынып отыр. Ал одан түскен қаражатты диабетпен ауыратындарға профилактика жүргізу үшін бағыттауымыз керек, дейді.
Астаналық Диас Батырхановтың жасы 35-те. Оған алғаш қант диабеті диагнозы 13 жасында қойылған. Ауруы асқынғаны сонша, дәрігерлер, аяғындағы саусақтарын кесіп тастауға мәжбүр болыпты. Дегенмен ол дертінің өмір сүруге кедергі келтірмейтінін айтады. Бастысы – қандағы қант деңгейін бақылауда ұстап, жыл сайын емханадағы ем-дом шараларын қабылдау, – дейді.
"Маған дәрігерлер өзімді күтіну керектігін айтты. Үнемі инсулин, қажетті дәрілерді қабылдап тұруың қажет, деді. Мен бәрін дәрігер айтқандай жасаймын. Себебі ауруым бір сәтте асқынып кетуі мүмкін. Бастысы, күйзеліске түспеуім керек. Өмірім қарапайым адамдікіндей өтіп жатыр. Жұрт ұқсап жұмысымды істеймін, адамдармен араласамын, спортпен де шұғылданамын", - дейді Диас Батырханов.
Өкінішке қарай, елдегі қант диабетімен ауыратындардың қатары көбейіп жатыр. Ал скринингтер тиімсіз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диабетке тексерілгендердің көбінде нақты диагноз анықтала бермейді. Қазір азаматтардың одан өтуге құлшынысы жоқ. Қандағы қанттың жоғары екенін байқаса да, мамандарға кеш жүгініп жатады.
"Бірінші типтегі қант диабетімен кішкентай балалар ауырса, екінші типтегі диабет ересек адамдарда көптеп кездеседі. Олар бізге ауруы асқынғанда ғана жүгінеді. Оған дейін өз еркімен дәрігердің қарауында болып, тексерілмейді. Кейбірі тіпті тамақтану тәртібін сақтамайды. Қазірдің өзінде біздің ауруханада орын тапшылығы бар. Біз қосымша жатын орын, кереуеттерді көбейтуге мәжбүр болып отырмыз", - дейді №1 көпбейінді қалалық ауруханасы эндокринология бөлімшесінің меңгерушісі Жанар Камитбекова.
Қант диабетіне шалдыққандарды бағыттау үшін емханаларда диабет мектептері жұмыс істейді. Онда дәрігерлер дұрыс тамақтану бойынша науқастарға ақпарат береді. Ал жалпы қазақстандықтарға ақхалаттылар қандағы қант деңгейін үнемі бақылап тұруды еске салады.
2030 жылға қарай еліміздегі азаматтар қант диабетіне көбірек шалдығуы мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасаған. Оған генетикалық факторларлардан бөлек, тағам мен сусындар құрамындағы қант мөлшерінің көптігі себеп.
Мәжілісмендер: "семіздіктің ерте жастан пайда болуы да осыдан", – деп отыр. Жалпы қазір гемодиализге тәуелділердің тең жартысы – қант диабетіне шалдыққандар.
Дәрігерлер күнделікті мұндай диагнозы бар 5 науқастың аяғын кесуге мәжбүр. Биыл қант диабетімен ауыратындардың дәрі-дәрмегіне 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
"Біз құрамында қанты бар сусындарды өндірушілерге салық салу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Олар да жауапкершілікті сезуні тиіс. Өйткені дәрігерлер: "қант диабетінің бірден-бір себебі, осы тауарды тұтынғаннан", – деп отыр. Егер 10% ғана салық салынса, яғни ол шамамен 20 теңге болса, онда қант диабетінің алдын алу мен оны емдеу үшін мемлекетке қажетті сома түсер еді. Сол ақшаны науқастарға бағыттау қажет", - дейді мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Құрамында қанты бар өнімдерге салық енгізу туралы шешімді әлемнің 65 елі қабылдап, жүзеге асырды. Ал біздің елдегі бұған қатысты талқылаулар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.
Жаңалықтар
0